Бүгін, Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласында цифрландыру саласында атқарылған жұмыстар, қол жеткізілген нәтижелер және алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы айтылды.
Шымкент қаласында цифрлық технологиялар мен инновациялық жобаларды дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Жыл басынан бері цифрлық кәсіпкерлікті қолдау, IT-білім беруді дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылды.
Өңірдегі технологиялық экожүйені қалыптастыру мақсатында жұмыс істеп жатқан «Shymkent IT HUB» технопаркі бүгінде жастар мен стартап-командалардың басын қосатын маңызды алаңға айналды. Биыл мұнда IT-қоғамдастықты дамытуға және стартаптарды қолдауға арналған 44-ке жуық іс-шара ұйымдастырылып, 1041 келуші тіркелген. Сонымен қатар, 168 студент өндірістік және оқу тәжірибесінен өтіп, цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған бағдарламаларға қатысқан.Стартаптарды дамыту мақсатында 5 стартап-жоба мен 2 хакатон өткізілді. Қазіргі таңда технопарк резиденттері қатарында «QazTracker», «Alaqan», «Puls.kz», «Art Code», «Florax» және «Qalam AI» жобалары табысты жұмыс жүргізуде.
Инновациялық білім беру саласында да жаңа жобалар іске қосылды. Ағымдағы жылдың сәуір айында «Tashenev University» базасында «Tomorrow School» цифрлық білім беру мектебі ашылды. Жоба 18 жастан асқан азаматтарды IT және жасанды интеллект салалары бойынша даярлауға бағытталған. Мұнда халықаралық 01 Edu платформасының әдістемесі қолданылып, оқыту peer-to-peer қағидаты негізінде жүргізіледі. Бүгінде мектепке 442 адам тіркеліп, алғашқы лекке 161 азамат қатысқан. Екінші лекке қабылдау 21 тамызға дейін жалғасады. Сондай-ақ университет базасында жасанды интеллект зертханасы іске қосылды. Жалпы аумағы 300 шаршы метрді құрайтын зертхана робототехника, дрон технологиялары, Big Data талдау, голографиялық жүйелер, виртуалды зертханалар және 3D прототиптеу бағыттарын қамтиды. Мұнда студенттер робот-гуманоидтарды басқару, дрондарды бағдарламалау, автономды логистикалық жүйелерді әзірлеу және machine learning технологияларын пайдалану бойынша практикалық дағдыларды меңгеруде.
Қалада жасанды интеллект элементтерін нақты салаларға енгізу жұмыстары да жүргізілуде. Соның бірі – жедел медициналық көмек қызметінде пайдаланылып жатқан «103 Yandex Maps» жобасы. Бұл жүйе арқылы тұрғындар жедел жәрдем көлігінің орналасқан жерін және келу уақытын бақылай алады. Қазіргі таңда жоба шұғыл санаттағы шақыртулар бойынша пилоттық режимде жұмыс істеп тұр.
Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыру мақсатында смарт-бейнежетондар жүйесі енгізілді. Алғашында пилоттық негізде 10 құрылғы пайдаланылса, бүгінде жедел жәрдемнің 120 бригадасына арналған 240 смарт-бейнежетон қолданысқа берілген. Бейнеағындар жасанды интеллект көмегімен талданып, Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына жіберіледі.
Инженерлік инфрақұрылым саласында да цифрлық шешімдер енгізілуде. «Art Code» жүйесі жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, жылу және коммуналдық желілердің техникалық жағдайын құбыр ішінен тексеруге мүмкіндік береді. Жоба өткен жылы пилоттық режимде жеті мекенжайда іске асырылған болатын. Биыл бес шақырым желіні қамту үшін қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Цифрлық технологияларды дамыту бағытындағы бұл жобалар өңірде инновациялық экожүйені қалыптастырып, жастардың жаңа технологияларды игеруіне және заманауи цифрлық шешімдерді күнделікті өмірге енгізуге жол ашып отыр.
