aspan Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Саясат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы:

«Ең алдымен, кәсіби мереке баршаңызға құтты болсын дегім келеді.
Бұл – мән-мағынасы ерекше оқиға. Себебі ауыл шаруашылығы – ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы айрықша сала.
Бүгін де жыл сайынғы дәстүрге сай мемлекетіміздің аграрлық ахуалын талқылау үшін арнайы жиналып отырмыз.
Алқалы жиынға еліміздің әр аймағынан келген білікті мамандар, диқандар, шаруалар, бір сөзбен, еңбек адамдары қатысып отыр.
Сондықтан бұл форумды жалпыұлттық ауқымдағы нағыз елдік басқосу десек те қате болмас.
Ең алдымен, қазір сөз сөйлеп, өз көзқарасымен бөліскен азаматтарға, инвесторларға алғыс білдіремін.
Су ресурстарын үнемдеу, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту және басқа да өзекті мәселелерге қатысты мазмұнды пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды.
Үкімет және құзырлы министрлік осы мәселенің бәрін міндетті түрде назарға алуы керек».
Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Баршаңызға мәлім, бүгінде ауыл шаруашылығы мамандары ауыл әлеуетінің артуына, тұтас мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосуда.
Сіздер ата кәсіпті абыроймен атқарып, ұлтымыздың игілігін еселеп жүрсіздер.
Ауа райы қолайсыз болғанына қарамастан, биыл да ел қамбасы астыққа толды. Күзгі жиын-терінде еліміз бойынша 24,5 миллион тонна дақыл жиналды.
Егіннің бітік болуы – молшылық пен тоқшылықтың кепілі.
Бұл – еліміздегі әр шаңырақ ырысқа кенеліп, дастарханымыз берекелі болады деген сөз.
Мен бүгін диқандар қауымына және осы салада еңбек етіп жүрген барша азаматқа алғыс айтамын».
«Қазақта «Еңбек төрге оздырады» деген сөз бар.
Шын мәнінде, өз ісін адал атқарып, міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын азаматтардың арқасында еліміз өсу, өрлеу дәуіріне қадам басып келеді.
Біз жасампаз әрі озық ойлы ұлт болып әрдайым алысқа көз тігеміз, ел мүддесі үшін тек қана биік мақсаттарға ұмтыламыз.
Мемлекет басшысы ретінде осы мақсатқа адал болу – мен үшін қастерлі парыз.
Биылғы Жолдауымда көрініс тапқан «Халықтық құрылыс» бағдарламасы соның айқын дәлелі екені сөзсіз.
Бұл – құт қонған қазақ даласы енді ауқымды құрылыс аумағына айналады деген сөз.
Алдымызда тұрған құрылыс жоспары – шын мәнінде, оның ауқымы тұрғысынан алып қарасақ, айбынды әрі бірегей.
Еліміздің барлық аймағында емхана, аурухана, балабақша, мектеп, мәдениет және спорт ғимараттары, яғни, халқымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған аса маңызды әлеуметтік нысандар бой көтереді.
Сапалы жолдар төселеді, атом, су, электр станциялары, деректерді өңдеу орталықтары салынады».
Мемлекет басшысы: «Біртұтас қоғамымыздың мүддесі үшін Әділетті Қазақстанның әр кірпішін бірге қалаймыз»
«Осылайша, мемлекетіміздің тұрпаты мен келбеті, экономикамыздың құрылымы айтарлықтай өзгеретініне күмән жоқ.
Бір мезетте бүкіл саланы және барлық аймақты қамтитын дәл осындай өте ауқымды құрылыстың ел тарихында бұрын-соңды болмағанын сіздер жақсы білесіздер.
«Халықтық құрылыс» халқымыздың қолдауына ие болатын, ұлт дамуына кең жол ашатын жоба болмақ.
Жалпыұлттық жобаға өндіріс орындары да, отандық кәсіпкерлер де белсене атсалысады.
Жаңа жұмыс орындары пайда болады, азаматтардың табысы артып, тұрмыс сапасы жақсарады.
Түптеп келгенде, «Халықтық құрылыстың» игілігі мен жақсылығын Қазақстанның әрбір азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ өкілдері көреді.
Сондықтан біз «Құрылыс және тағы да құрылыс» сөзін отаншылдық ұраны етіп, біртұтас қоғамымыздың мүддесі үшін Әділетті Қазақстанның әр кірпішін бірге қалаймыз. Мен бұған кәміл сенемін».
«Халықтық құрылыс» – келешек ұрпақтың қамы үшін қолға алған жалпыұлттық міндет»
«Халықтық құрылыс» деген атауында тұрғандай, бұл жоба халықтың игілігін көздейді, барлық азаматты жасампаз іске жұдырықтай жұмылдырады.
Бұл – шын мәнінде келешек ұрпақтың қамы үшін қолға алған жалпыұлттық міндет.
Құбылмалы әрі тұрақсыз әлемнің күрделі сын-қатерлеріне біздің лайықты жауабымыз – «Құрылыс және тағы да құрылыс!».
Геосаяси және экономикалық ахуал бұлыңғыр жағдайда мемлекетіміздің, ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің анағұрлым дұрыс, қисынды жолы осы екеніне сенімдімін.
Осы мазмұны терең бағдарлама аясында ауыл-аймақтарға, шаруалар мен агроөнеркәсіп кешендеріне қажетті инфрақұрылым салынады».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайып, 7 миллиард долларға жуықтады»
«Жалпы, соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығы саласында жемісті нәтижелерге қол жеткіздік.
Азық-түлік өндірісі 28 пайызға өсті.
Жалпы құны 2,7 триллион теңге болатын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылды.
Агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайып, 7 миллиард долларға жуықтады.
Соның ішінде өңделген өнім үлесі 52 пайызға жетті.
Былтыр елімізде соңғы жиырма жылдың ішінде алғаш рет ауыл шаруашылығына қатысты ұлттық санақ жүргізілді. Санақ кезінде цифрлық технологиялар қолданылды.
Нәтижесінде ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы жан-жақты әрі нақты мәлімет алынды. Осы саланың шынайы ахуалын көрсететін толыққанды деректер жиналды.
Жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор.
Басты міндет – қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, уақытты созбай, белсенді түрде жұмысқа кірісу керек».
Мемлекет басшысы ауыл мен аграрлық секторды қолдауға арналған бағдарламалардың тиімділігін тексеруді тапсырды.
«Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін оларға тиісті жағдай жасау қажет. Бұл – дұрыс.
Алайда соңғы жылдары ауыл шаруашылығына қатысты «аттары бөлек, бірақ заттары бірдей» бағдарламалар тым көп болып кеткен сияқты.
Мәселен, қазірдің өзінде «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» және тағы басқа бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.
Әрине, әр жоба осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жазылады.
Бірақ сол жұмыстың бәрі қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Меніңше, бұл – заңды сұрақ.
Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек.
Сондықтан Үкімет ауыл мен аграрлық секторды қолдау үшін дайындалған осындай құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуге тиіс.
Әр бағдарламаның өз мақсаты мен міндеті болуы қажет. Ең бастысы, бұл жұмыс шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі керек. Бұл мемлекет қаржысын үнемдеу қажеттілігіне тікелей байланысты мәселе».
«Жалпы, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр.
Тиісті министрліктің мәліметі бойынша тек былтырдың өзінде «Ауыл – ел бесігі» бастамасымен 500-ге жуық ауылда 921 жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны – 173 миллиард теңге.
Бұдан бөлек, 277 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылды.
Енді осы жұмыстың нәтижесін тексеру керек сияқты. Неге мен бұл мәселені арнайы қозғап, қазбалап айтып тұрмын?
Себебі бұрын бәріміз адамдарды қуантатын «керемет, тіпті мінсіз» ақпаратты көп тыңдадық. Соның бәріне қуандық.
Сосын дұрыс статистикалық мәлімет берілмеді деп сылтау тауып, мәселені «алыс сөреге» ысырып қоя салатын едік. Біз мұндай жағдайға жол бермеуіміз керек».
Мемлекет басшысы: «Халықтық құрылыс» бағдарламасы ауыл-аймақтардың одан әрі дамуына жаңаша серпін беруге тиіс»
«Бұл орайда ауылдардың өсіп-өркендеуіне үлес қосып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындарға айрықша назар аудару қажет.
Әсіресе, ірі шаруа қожалықтары орналасқан аудандардағы инженерлік желілерді жетілдіріп, олардың сапалы жұмысына қажетті кіреберіс жолдар салу керек».
Президент: «Цифрлық сауда алаңдарының мүмкіндіктері ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін қолжетімді болуы керек»
«Тағы бір маңызды мәселе – ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту.
Елімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасына бүгінге дейін 150 миллиард теңге қаржы бөлінді. Соның арқасында ауылдарда 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Әрине, бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ басты мәселе – сол 22 мың жұмыс орны қазіргі таңда сақталды ма? Қалай десек те, осы жобаның аясын әлі де кеңейте түсу қажет.
Мен бұған дейін цифрлық сауда алаңдарының және банктер мен логистикалық компаниялардың мүмкіндіктері ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін қолжетімді болуы керек деп нақты айттым.
Енді осы жұмысты тиімді ұйымдастырып, өнімдерді тұтынушыға жеткізу жолын айқындайтын нақты келісімшарттар жасау керек.
Жалпы, шағын шаруашылықтары бар аудандарда өнімді қабылдайтын және сақтайтын орталықтар құру қажет.
Мұндай инфрақұрылым барлық өндірушіге бірдей қолжетімді болуға тиіс».
«Сонымен қатар мен Жолдауда ауыл шаруашылығы саласына цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізу қажет екенін айттым.
Бүгінде озық шешімдердің игілігін көріп отырған шаруа қожалықтары аз емес.
Мысалы, Солтүстік Қазақстанда осындай кәсіпорындар бар. Атап айтқанда, «Ақселеу» шаруашылығы өндірісті цифрлық басқару және жер серігі арқылы бақылау жүйелерін енгізді.
Есепке алу жұмысы да автоматты түрде жұмыс істеп жатыр.
Шаруашылық ауыл-аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөліп отыр.
Мәселен, тұрғындар орталықтан жылыту жүйесімен және таза ауыз сумен қамтамасыз етілген.
Кәсіпорын мектепке, спорт кешеніне және басқа да әлеуметтік нысандарға тұрақты түрде қолдау көрсетуде.
Осылайша, цифрландырудың арқасында ауыл шаруашылық өндірісінің тиімділігі, оның бәсекеге қабілеті артып, жалпы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы жақсаруда.
Сондықтан басқа да шаруа қожалықтары осы мүмкіндіктерді өз аймақтарында қолданғаны жөн деп санаймыз».
Мемлекет басшысы агросекторға арналған инвестициялық құралдардың бірыңғай тізбесін әзірлеуді тапсырды
«Агросекторға қолжетімді әрі ұзақмерзімді қаржыландыру көзі қажет. Бұл жөнінде бірнеше мәрте айттық.
Аграрлық кредиттік корпорация мен «ҚазАгроҚаржының» қолданыстағы инвестициялық құралдары өтінімдерді ұзақ қарайды әрі рәсімделу тәртібі қиын, сондай-ақ цифрландыру жағы жеткілікті деңгейде емес.
Сондықтан Үкімет «Бәйтерек» холдингімен және қаржы нарығын реттеуші органмен бірлесіп 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін агросекторға арналған инвестициялық құралдардың бірыңғай тізбесін ұсынғаны жөн.
Президент: «Аграрлық шаруалардың табысты болуы – мемлекеттің, халықтың мүддесіне толық сай келеді»
«Сонымен қатар қаржыландыруға өтінім беруден бастап оны алуға дейінгі әуре-сарсаңды азайтып, рәсімдерді барынша оңтайландыру қажет. Бұл бұрыннан келе жатқан мәселе.
Проблеманың шешімі оңай көрінгенімен, қайталауға тура келіп тұр. Басқаша айтқанда, шаруалардың кредитті өтеу қабілетін бағалайтын цифрлық модель енгізу керек.
Біз ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізу туралы жиі айтып жүрміз.
Жуырда ЖИ саласындағы жаһандық жетекші компаниялардың басшыларын қабылдадым. Олар бізге агросекторға жасанды интеллектіні енгізу мәселесімен айналысу жөнінде кеңес берді.
Өйткені әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігінің келешегіне қатысты болжамдар, өкінішке қарай, мәз емес. Қазір Эль-Ниньо деп аталатын табиғи құбылыстың салдарына кешенді талдау жүргізілуде. Жорамалдар көңіл көншітпейді.
Бірақ Қазақстан бұл жағдайда үлкен артықшылыққа ие. Яғни орайлы сәтті пайдаланып, аталған салаға жасанды интеллектіні енгізу арқылы алға озуға және әлемдік ауқымдағы азық-түлік қорын қалыптастыруға мүмкіндігі бар. Осы істі неге қолға алмасқа? Меніңше, бұл міндетті бірінші кезекте Үкіметтегі осы мәселемен айналысатын блокқа жүктеу керек.
Мұндай құрал кредит беру туралы шешімнің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етіп, өтінімдерді қарау мерзімін және әкімшілік кедергілерді қысқартады.
Жалпы, бізге жасанды интеллект ауыл шаруашылығының өнімділігін еселеуге қалай көмектесетінін зерделеу керек.
Әрине, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін қаржы құралдарын белсенді әрі тиімді қолданған жөн. Ал саланың өнімділігі ойдағыдай емес. Оны мойындағанымыз дұрыс.
Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдарымен бірге арнайы бағдарлама әзірлеу міндеті жүктелді. Құжатта әлемдегі озық тәжірибе де ескеріледі.
Бағдарламада ұзақмерзімді шартпен қаржы тарту, техникалық және сараптамалық қолдау көрсету, заманауи технологиялар мен озық ғылыми әзірлемелерді қолданысқа енгізу тетіктері қарастырылуға тиіс».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шаруаларды тәуекелдерден алдын ала ерікті түрде сақтануға ынталандыратын шаралар қарастыру қажет»
«Тағы бір өзекті мәселе – агросақтандыру жүйесін жетілдіру.
Қуаңшылық, үсік және мал ауруы жылдар бойғы маңдай тер, табан ақыны желге ұшыруы мүмкін.
Жергілікті климат жағдайына сеніп, жайбарақат отыруға болмайды. Бұл әуел бастан тиімсіз стратегия. Шығынды үнемі бюджеттен өтеу де проблеманы шешпейді.
Сондықтан Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп аталған нарықты дамыту жөнінде нақты ұсыныстар беруі керек.
Сонымен қатар шаруаларды тәуекелдерден алдын ала ерікті түрде сақтануға ынталандыратын шаралар қарастыру қажет».
Мемлекет басшысы мал шаруашылығын дамытуды маңызды міндет ретінде атады
«Мемлекет бұл салаға нақты қолдау көрсетіп келе жатыр.
Кейінгі жылдарда ата кәсіппен айналысатын бизнес өкілдеріне несие беру көлемі ұлғайды. Асыл тұқымды мал сатып алуға баса назар аударылатын болды.
Жаңа фермалар мен бордақылау алаңдары салынып жатыр. Мәселен, былтырдан бері 71 тауар сүт фермасы іске қосылды, 33 бордақылау алаңы салынды.
Енді осы өндіріс орындарының тиімді әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасау керек.
Шаруашылықтарды сапалы жем-шөппен қамтамасыз еткен жөн. Дайын өнімді өткізу мәселесі де шешімін табуға тиіс.
Жайылымдардың өнімділігін қалпына келтіруге және егістік көлемін ұлғайтуға ерекше көңіл бөлген абзал.
Су көздері де шаруа қожалықтары үшін қолжетімді болуы керек».
Президент: «Ветеринария саласын жаңғыртуға айрықша мән беру қажет»
«Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының ұйғарымына сәйкес, Қазақстан ящур ауруынан таза аймақ ретінде танылды.
Бұл – ет және басқа да мал шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығару үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады деген сөз.
Соны тиімді пайдалану керек. Мал басын есепке алу жүйесін жетілдіріп, зертханалық диагностиканың сапасын арттыру қажет.
Үкімет өнімдерді экспортқа шығаруға кедергі келтіретін тосқауылдарды жоюға тиіс».

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ӨҢДЕЙТІН КӘСІПОРЫНДАР САНЫ АРТУЫ МҮМКІН

ЭКС-СУДЬЯ, ЗАҢГЕР ЗОРЛАУ КҮДІГІНЕ ІЛІКТІ

Aspan info

Жестокая расправа в Шымкенте: прокуратура запросила до 24 лет для шестерых подсудимых

Aspan info

Пікір қалдырыңыз