Димаш Құдайберген гуманитарлық миссия аясында Бангладеш еліне барып, мәжбүрлі қоныс аударушылар орналасқан лагерьлерді аралады. Әнші бұл сапарға ізгілік елшісі ретінде қатысқан.
18 мамыр күні қазақстандық өнер иесі Кокс-Базар аймағындағы босқындар лагерінде болып, ондағы халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Әлемдегі ең ірі босқындар қоныстарының бірі саналатын бұл аймақта мыңдаған адам ауыр жағдайда өмір сүріп жатыр.
Мәліметтерге сәйкес, лагерьлер табиғи апаттар жиі тіркелетін қауіпті аумақта орналасқан. Атап айтқанда, бұл өңірде көшкін, су тасқыны, өрт және циклон секілді апаттар жиі болады. Соған қарамастан, босқындар тар әрі уақытша баспаналарда күн кешіп келеді.
Сапар барысында Димаш лагерь тұрғындарының жағдайын көріп, гуманитарлық көмек көрсету мәселесіне назар аударды. Сонымен қатар ол балалармен және жергілікті тұрғындармен кездесіп, халықаралық қауымдастықтың қолдауы маңызды екенін атап өтті.
Әншінің бұл сапары әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатыр. Желі қолданушылары қазақстандық өнер иесінің тек шығармашылықпен ғана емес, гуманитарлық бастамаларға да белсенді араласып жүргенін айтып, жылы пікір білдіруде.
