aspan

Шымкентте жол құрылысына лицензиясыз карьерлерден материал жеткізілгені анықталды

Шымкент қаласында прокуратураның тексеруі барысында Қаратау ауданына қарасты Достық шағынауданында топырақ пен қиыршық тасты заңсыз өндіру фактісі анықталды. Осыған байланысты қылмыстық іс тіркелді. Ведомство мәліметінше, қаладағы жол құрылысы нысандарына пайдалы қазбаларды өндіруге лицензиясы жоқ карьерлерден құрылыс материалдары жеткізілген.

Аталған заңбұзушылық Шымкент қаласы прокуратурасы жүргізіп жатқан тексеру барысында белгілі болды. Тексеру республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу, қайта жаңғырту, жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарын қамтиды. Оның аясында мердігерлер қаладағы құрылыс нысандарында пайдаланған материалдардың қайдан жеткізілгені зерделенген.

Прокуратураның хабарлауынша, жол құрылысы кезінде құм-қиыршықтас қоспасы мен қиыршықтас-гравий қоспасы қолданылған. Жобалық-сметалық құжаттамада бұл материалдарды нақты белгіленген карьерлерден жеткізу көзделген. Алайда тексеру нәтижесінде мердігерлер құрылыс материалдарын Шымкент маңындағы рұқсатсыз жұмыс істеген карьерлерден алғаны анықталған.

Ведомство бұл әрекетті мердігерлердің қосымша пайда табуға ұмтылуымен байланыстырады.

Тексеру барысында жол құрылысы нысандарына қиыршық тас пен құм-қиыршықтас қоспасын шамамен 20–25 жүк көлігімен тасымалдағаны белгілі болды. Алайда жүк көліктерінің нақты қанша рейс жасағаны және құрылыс нысандарына қанша көлемде материал жеткізілгені әзірге жарияланған жоқ.

Сондай-ақ прокуратура заңсыз жолмен алынған материалдар пайдаланылған жол құрылысы нысандарының тізімі мен оған жауапты мердігер ұйымдардың атауларын көрсетпеді.

Аталған факті бойынша 2026 жылғы 2 қарашада Қаратау ауданының прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 334-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркеді. Бұл бап жер қойнауын өз бетінше пайдалануға қатысты.

Қазіргі уақытта келтірілген залал көлемі мен тергеу нәтижелері туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Aspan info

ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ – ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ ҮЛГІСІ

Aspan info

ШАТТЫҚҚА ТОЛЫ КҮН: ШЫМКЕНТ АСПАНЫН БАТПЫРАУЫҚТАР ФЕСТИВАЛІ КӨРКЕЙТТІ

Пікір қалдырыңыз