Арыс қаласында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің азаматтарды жеке қабылдауы өтті. Қабылдауға келген тұрғындар баспана мәселесін көтеріп, тұрғын үй кезегіне тұру және жалдамалы пәтер алу жөнінде өтініштерін жеткізді.
Облыс әкімі оларға тұрғын үй мәселесін шешудің қазіргі тәртібін түсіндірді.
Айта кетейік, 25 мамырдан бастап тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою, кезекті жүргізу және тұрғын үйді бөлу функциялары жергілікті атқарушы органдардан «Отбасы банкке» берілді. Бұл өзгерістер Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес жүзеге асырылды.
Бүгінде азаматтардың тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке тұруы электронды түрде «Отбасы банктің» тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы арқылы жүргізіледі. Өтініш беру үшін азаматтар orken.otbasybank.kz платформасын пайдалана алады. Жүйе өтініш берушінің мәліметтерін мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде тексереді.
Сонымен қатар мемлекеттік тұрғын үйді, оның ішінде жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғын үйді бөлу де белгіленген тәртіппен бірыңғай электронды жүйе арқылы жүзеге асырылады. Іріктеу тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қойылған күн және заңнамада көзделген талаптар негізінде жүргізіледі.
Осыған байланысты облыс әкімі тұрғындарға тұрғын үй кезегіне қатысты барлық мәселе бойынша «Отбасы банк» арқылы белгіленген тәртіппен өтініш беруге болатынын түсіндіріп, жауапты мамандарға азаматтарға қажетті ақпаратты толық жеткізуді тапсырды.
