Түркістан облысында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен спорт саласы қарқынды дамып келеді. Өңірде спорт инфрақұрылымы жаңартылып, жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Бұл қолдаулар жемісін беріп, түркістандық спортшылардың нәтижесі де жақсара түсті.
Солардың қатарында Жоғары спорт шеберлігі мектебі де жақсы нәтижелерімен қуантуда. Аталған спорт мектебі 2026 жылы жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өңір спортының дамуына елеулі үлес қосты. Жыл қорытындысы бойынша мектеп спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарда жалпы 361 медаль жеңіп алды. Оның 138-і – алтын, 93-і – күміс, 130-ы – қола.
Мектеп директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спортшысы Шынболат Райхановтың басшылығымен спортшылар халықаралық ареналарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғап жүр.
Биылғы жылдың басты жетістіктерінің бірі – ХХ жазғы Азия ойындарындағы нәтиже. Байрақты бәсекеге мектептің 14 спортшысы қатысып, 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль иеленді. Академиялық есуден Владислав Яковлев Азия ойындарының чемпионы атанып, тарихи жеңіске қол жеткізді. Дзюдодан Айдар Арапов күміс медаль иеленсе, байдарка және каноэде есуден Ольга Шмелева күміс және қола жүлдеге қол жеткізді. Әйелдер күресінен Нулифар Раймова мен еркін күрестен Едіге Қасымбек қола медаль жеңіп алды.
Әлем чемпионаттарында мектеп спортшылары 4 медаль еншіледі. Оның ішінде 1 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде бар. Алтын жүлдені жас балуан Бағдәулет Ағабек жеңіп алды. Сонымен қатар Азия чемпионаттарында 16, Азия кубоктарында 18, әлем кубогында 1 медаль жеңіп алынды. Қазақстан чемпионаттарында 173, ел кубогында 90, халықаралық турнирлерде 53 жүлде қоржынға түсті. Ұлттық құрама сапындағы спортшылар саны 65-тен 123-ке жетті. Ал медаль саны 188-ден 361-ге көбейді.
Бүгінде мектепте дзюдо, таеквондо, грек-рим және еркін күрес, садақ ату, теннис, ауыр атлетика, академиялық есу, байдарка және каноэде есу, желкенді қайық пен жүзу, әйелдер күресі бағыттары бойынша спортшылар даярланып жатыр.
