Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Отбасы күніне орай «Отбасы – ұлттың тірегі» атты облыстық байқау өтті.
Шараның ашылуында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов және «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін уақытша атқарушы Халима Жантөреева сөз сөйлеп, қатысушы отбасыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар отбасы құндылықтарының қоғамдағы маңызына тоқталды.
Байқаудың негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау және ұрпақ тәрбиесіндегі отбасының рөлін арттыру.
Байқауға өнерлі әрі өнегелі отбасылар қатысып, өз әулетінің тарихын, отбасылық ұстанымы мен дәстүрін таныстырды. Қатысушылар үш кезең бойынша сынға түсті.
Алғашқы «Отбасым – мақтанышым» кезеңінде қатысушылар отбасы тарихы мен құндылықтарын таныстырса, «Ата-баба дәстүрі – тәрбиенің бастауы» кезеңінде ұлттық салт-дәстүрлерден көрініс көрсетіп, қолөнер шеберліктерін ұсынды. Үшінші «Ас мәзірі» кезеңінде отбасылар ұлттық тағамдар мен күзгі өнімдерден әзірленген тағам түрлерін таныстырды.
Байқау қорытындысы бойынша жүлдегерлер анықталды. Бас жүлдені Төлеби ауданынан Кендірбаевтар отбасы иеленді. I орынға Сауран ауданынан Манашовтар отбасы лайық деп танылды. II орынды Отырар ауданынан Төлешовтер, Сайрам ауданынан Тұрсынбаевтар және Қазығұрт ауданынан Бесбаевтар отбасы иеленді. III орынға Мақтарал ауданынан Қоспаевтар, Жетісай ауданынан Төребековтер және Түркістан қаласынан Бимурзаевтар отбасы ие болды.
