aspan

ШЫМКЕНТТЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК ЛОГИСТИКАСЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА САУДА ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Шымкент қаласында сауда инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған тағы бір маңызды жоба жүзеге асты. Қаланың Тассай тұрғын алабында заманауи талаптарға сай салынған FOOD CITY көтерме сауда орталығы ресми түрде ашылып, алғашқы келушілерін қабылдай бастады. Жаңа кешен көкөніс пен жеміс-жидек саудасын жүйелеуге, азық-түлік өнімдерінің логистикасын дамытуға және тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай орталықтардың іске қосылуы азық-түлік жеткізу тізбегін оңтайландырып, өнімнің тұтынушыға дейінгі жолын қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көтерме сауда алаңдарының көбеюі өңірдегі баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге де оң әсерін тигізеді.

Сауда орталығының ашылу салтанатына Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаев, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, спортшылар және қала тұрғындары қатысты. Шара барысында келген қонақтарға ақ дастархан жайылып, құран бағышталып, құдайы ас берілді.

Үсен Исаев өз сөзінде жаңа кешеннің өңір экономикасы үшін маңыздылығына тоқталып, мұндай жобалардың кәсіпкерлікті дамытуға және халықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге ықпал ететінін атап өтті.

FOOD CITY көтерме сауда орталығының құрылтайшысы, сауда саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіпкер Сәбира Орманованың айтуынша, жоба сауда үдерісін заманауи форматқа көшіруді көздейді.

– Бұл орталықты қарапайым базар ретінде емес, өңірдегі азық-түлік айналымын жеңілдететін ірі логистикалық хаб ретінде дамытуды жоспарлап отырмыз. Мұнда Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан жеткізілетін көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерімен қатар, отандық өндірушілердің тауарлары да көтерме және бөлшек бағамен ұсынылады. Тұрғындар күнделікті тұтынатын өнімдерінің басым бөлігін бір жерден сатып ала алады. Біз үшін басты қағида – сапалы өнім мен қолжетімді баға, – деді кәсіпкер.

Жоба аясында өнімдерді сақтау, сұрыптау және тасымалдау процестерін жетілдіруге арналған заманауи инфрақұрылым қарастырылған. Болашақта сауда орталығының аумағын кеңейтіп, қосымша қоймалар мен логистикалық нысандар салу жоспарлануда.

Мамандардың айтуынша, FOOD CITY кешенінің іске қосылуы Шымкенттің ғана емес, бүкіл оңтүстік өңірдің азық-түлік саудасын дамытуға серпін беріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа сауда орталығы қосымша жұмыс орындарын ашып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қоспақ.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

РЕФЕРЕНДУМ БОЙЫНША АЛҒАШҚЫ EXIT POLL НӘТИЖЕЛЕРІ ЖАРИЯЛАНДЫ

Aspan info

2025 ЖЫЛЫ ЕЛІМІЗДЕ ҚАЙТА ЖАҢАРТУ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ЖОБАЛАРЫМЕН 2900 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ҚАМТЫЛДЫ

«Тәртіпті өзіңнен баста!» тақырыбында қоғамдық дәріс өтті

Пікір қалдырыңыз