Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілуде. Бұл мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды.
Жиында облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова өңірдегі осы салада атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелер жөнінде баяндады. Басқарманың негізгі міндеттері – қорғаншылық және қамқоршылық саласындағы мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру, балаларға психологиялық көмек көрсету орталықтарының жұмысын үйлестіру, балалардың құқықтарын қорғау және олардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу.
Бүгінде Түркістан облысында 18 жасқа дейінгі 927 106 бала бар. Оның ішінде 148 174 бала балабақшаларда тәрбиеленсе, 524 256 оқушы мектептерде білім алуда. Ал 46 343 жасөспірім колледждерде оқиды. Сонымен қатар 1000-ға жуық бала қорғаншылықта, қамқоршылықта, патронаттық тәрбиеде немесе арнайы ұйымдарда тәрбиеленуде.
Өңірде балалардың психологиялық жағдайын зерделеу, отбасылық және әлеуметтік ортасын бағалау, сондай-ақ оларға қатысты ықтимал қауіптердің алдын алу бағытында мониторинг жүргізіліп, арнайы жоспар әзірленді. Биылғы оқу жылында білім беру ұйымдарына «Balazhan» цифрлық платформасы енгізілді. Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау және қиын жағдайға тап болған балаларға уақытылы көмек көрсету мақсатында «111» байланыс орталығы туралы ақпараттандыру жұмыстары күшейтілді. Бұл ретте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жауапты мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын үйлестіру және қажетті қолдау көрсету шараларына басымдық берілуде.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Нұралхан Көшеров бала тәрбиесі мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғам алдындағы ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.
– Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі, өміріміздің жалғасы. Сондықтан өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне бейжай қарауға болмайды. Әр баланың құқығы қорғалып, сапалы білім алуына, саналы тәрбие мен қолайлы ортада өсуіне жағдай жасалуы тиіс. Бұл ретте отбасының жауапкершілігімен қатар, мемлекеттік органдардың да міндеті зор. Балаларға қатысты мәселелерді назардан тыс қалдырмай, әрбір баланың жағдайын жіті бақылауда ұстау қажет. Тәуекел тобындағы балалармен жұмысты күшейтіп, олардың отбасылық және әлеуметтік жағдайын зерделеу, қажетті көмекті уақытылы көрсету маңызды. Балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қатысты жұмыстар формалды түрде емес, нақты нәтижеге бағытталуы керек, – деді облыс әкімі.
Осыған байланысты жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отбасылармен жұмысты күшейту және тәрбиелік шаралардың тиімділігін арттыру бағытында нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтіп, әрбір тапсырманың сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң бақылауға алуды міндеттеді.
