aspan Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Саясат Түркістан

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ШАРДАРАДАҒЫ 10 ОТБАСЫНА БАСПАНА КІЛТТЕРІН ТАБЫСТАДЫ

Түркістан облысы Шардара қаласында тағы 10 отбасы баспаналы болып, көптен күткен қуанышқа кенелді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұрғын үйлердің кілтін иелеріне табыстап, шардаралықтарды қоныстоймен құттықтады.

– Баршаңызды бүгінгі қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Баспана – адамға жайлы өмір сыйлайтын мекен ғана емес, әр отбасының бақыты мен берекесінің, ертеңге деген сенімінің тірегі. Бүгін баспанаға қол жеткізіп, жаңа кезеңге қадам басқалы отырған отбасылар үшін бұл күннің орны
ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын арттыруды, азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуді – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында өңірімізде тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде жүргізіліп, азаматтардың баспана мәселесін шешуге басымдық берілуде. Биыл облыс көлемінде ауданы 175 мың шаршы метрден астам 102 тұрғын үй салынып жатыр. Осылайша, жыл соңына дейін 3000-нан астам пәтер пайдалануға беріледі. Міне, осы жылы да айтулы жұмыстар жалғасын тауып, тұрғын үй кезегінде тұрған 10 отбасыға жаңа пәтер кілттерін табыстағалы отырмыз. Бүгін – сіздер үшін ерекше қуаныш пен толғанысқа толы күн. Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын! Әр шаңырақта отбасылық құндылықтар дәріптеліп, бала күлкісі мен қуанышқа тола берсін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Үйлі болған тұрғындар осындай қуанышты сәтті сыйлаған Президентке, облыс, аудан әкімдеріне шынайы ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.
Кілт табыстау рәсімінен кейін облыс әкімі шаңырақ иелерімен бірге пәтерлерді аралады.
Жалға берілетін тұрғын үйлер жергілікті бюджет есебінен сатып алынған. Жалпы саны – 10 пәтер. Олар бір қабатты, екі пәтерлі 5 тұрғын үйге орналастырылған. Әр пәтердің жалпы ауданы – 100 шаршы метр. Ал әр тұрғын үйге тиесілі жер телімінің көлемі – 600 шаршы метр.
Жаңа баспаналар кезек реттілігіне сәйкес әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілді. Бұл – баспанаға мұқтаж отбасыларды қолдауға бағытталған жұмыстардың нәтижесі.
Пәтерлер тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті барлық жағдайлармен қамтылған. Әрқайсысы 4 бөлмеден тұрады. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілген, ағаш есіктер мен пластик терезелер орнатылған. Сондай-ақ санитарлық торап қарастырылып, автономды жылыту жүйесімен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, тұрғын үйлер табиғи газ, ауыз су, кәріз жүйесі, электр энергиясы және жол инфрақұрылымына толық қосылған.
Аталған тұрғын үйлердің құрылысы 2026 жылдың ақпан айында басталып, уақтылы аяқталған. Жобаның инвесторы – Нұрсұлтан Жолдасов.
Айта кетейік, Шардара ауданында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Ауданда 2024 жылы – 164, ал өткен жылы – 72 отбасы қоныс тойын тойлады. Осылайша, соңғы екі жылда Шардара ауданында 236 отбасы баспаналы болды. Аталған баспаналар әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, көпбалалы отбасыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілді.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Тоқаев Головкинді Ақордада қабылдады

Тоқаев Болгария Президентін құттықтады

БАӘ-де Kazakhstan Kagazy экс-бас директоры ұсталды

Пікір қалдырыңыз