aspan

«ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАЙТЫНЫН АЙТҚАН ОҚУШЫЛАР БАР»: АЙМАҒАМБЕТОВ МЕКТЕП БІТІРУ КЕШІНЕ ТЫЙЫМ САЛУ МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ПІКІР БІЛДІРДІ

Асхат Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, мектеп бітіру кештерін өткізуге қойылатын шектеулер мен ата-аналардан ақша жинау мәселесіне қатысты өз ұстанымын білдірді. Депутаттың айтуынша, бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып, әсіресе ата-аналар арасында екі түрлі пікір қалыптасқан.

Аймағамбетовтің сөзінше, бір топ ата-ана мектеп бітіру кешін түлектердің өміріндегі ең маңызды әрі есте қалатын сәттердің бірі деп санайды. Олар балалардың мектеппен қоштасу рәсімін шектеуге қарсы екенін айтып, мұндай кештердің тәрбиелік әрі эмоционалдық маңызы бар екенін алға тартады.

Алайда екінші тарап мұндай салтанатты кештердің жылдан-жылға шектен тыс қымбаттап кеткеніне наразы. Депутаттың мәліметінше, кейбір ата-аналар бір ғана бітіру кешіне 200 мың теңгеден бастап 1 миллион теңгеге дейін қаржы жұмсауға мәжбүр болып отырғанын айтып шағымданған. Әлеуметтік жағдайы төмен немесе көпбалалы отбасылар үшін мұндай шығынның ауыр салмақ екені айтылды.

Мәжіліс депутаты мектеп бітіру кештерін толықтай тыйым салу мәселені шешпейтінін жеткізді. Оның айтуынша, бұған дейін мұндай шектеулер енгізілген кезде түлектер бақылаусыз түрде коттедждер жалдап, ресми бақылаудан тыс жинала бастаған. Соның салдарынан түрлі құқықбұзушылықтар мен келеңсіз жағдайлар тіркелген.

— Тыйым салу арқылы мәселені толық шешу мүмкін емес. Керісінше, балалар бақылаусыз қалып қоюы ықтимал. Сондықтан бұл мәселеге ақылмен қарап, тиімді реттеу жолдарын қарастыру қажет, — деді депутат.

Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов мектептердегі әлеуметтік теңсіздік мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның сөзінше, бір сыныпта тұрмыстық жағдайы әртүрлі отбасының балалары оқиды және қымбат кештер ұйымдастыру үшін ірі көлемде ақша жинау оқушыларға психологиялық қысым түсіреді.

Депутат жақында өзіне өте алаңдатарлық хаттар келгенін де айтты. Онда кейбір оқушылар ата-анасының мұндай шығынды көтере алмайтынын айтып, қатарынан қалмау үшін қатты күйзеліске түскенін жеткізген. Тіпті, олардың арасында «өзіне қол жұмсауға дайын екенін» жазғандар болған.

— Бұл өте қауіпті әрі қоғам назарын қажет ететін мәселе. Біз балалардың психологиясын, ата-аналардың әлеуметтік жағдайын ескеріп, рационалды шешім қабылдауымыз керек, — деді Аймағамбетов.

Қазіргі уақытта қоғамда мектеп бітіру кештерін өткізудің ортақ тәртібін енгізу, артық шығынға жол бермеу және ата-аналардан заңсыз ақша жинауды шектеу мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай шаралар балалар арасында әлеуметтік алшақтықты тереңдетпей, қауіпсіз әрі қолжетімді форматта ұйымдастырылуы тиіс.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ШЫМКЕНТТЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕР БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ БОЙЫНША МЕМОРАНДУМДАР ЖАСАЛДЫ

BURGER KING KAZAKHSTAN-ҒА БАЙКОТ ЖАРИЯЛАУДА

Aspan info

МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТ ТАПШЫЛЫҒЫ 4,4 ТРЛН ТЕҢГЕНІ ҚҰРАДЫ

Aspan info

Пікір қалдырыңыз