aspan

СОЛТҮСТІК ӨҢІРГЕ ШЫМКЕНТТІҢ ІСКЕР ХАЛҚЫ ҚАЖЕТ

Солтүстік Қазақстан облысынан ерікті қоныс аудару мәселесі бойынша келген делегация Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесті.

“Ұлы Көш” қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы Жаңабай Ағабеков бастаған делегация құрамында Солтүстік Қазақстан облысы Еңбек мобильділігі орталығының директоры, өңірге оңтүстіктен қоныс аударған тұрғындар, мансап орталығының басшылары, жұмыс беруші кәсіпкерлер, аудан әкімдіктері мен жоғары оқу орындарының өкілдері бар.

— Биыл Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірден 3 мың адамды қабылдауға дайынбыз. Облыста бір қала, 13 аудан бар. Өңіріміз кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы. Егін, мал шаруашылығы, туризм, қызмет көрсету салаларында үлкен мүмкіндік бар. Бізде жұмыс күші өте аз болғандықтан, оңтүстіктің іскер халқына сұраныс жоғары, — деді Аман Жақсыбайұлы.

Солтүстік Қазақстанға 2021 жылы Түркістан облысы, Төлеби ауданынан қоныс аударған Ж.Мәменов өз тәжірибесімен бөлісті.

— Өзім қоныс аударып, бұл жердегі игі бастамаларды көрген соң, тағы 67 адамның көшуіне ұйытқы болдым. Қазір “Қазақстан Темір Жолы” компаниясының кадр бөлімінде қызмет етемін. Теміржол саласында қазір 50-ден астам бос жұмыс орны бар. Мамандығы жоқ азаматтарды өзіміз қайта даярлап, жұмыспен қамтуға дайынбыз. Жалпы, Солтүстік Қазақстан – өзіміздің отанымыз. Мемлекет қоныс аударушыларға әлеуметтік көмек көрсетеді, бірақ оған масыл болмай, еңбек ету, кәсіп бастау маңызды. Осында үлкен жоспарлармен келген адамға мүмкіндік мол, — деді Жәнібек Асқарұлы.

Делегация өкілдерінің айтуынша, Солтүстік Қазақстанда бос жұмыс орындары өте көп. Мемлекеттік қызмет, құқық қорғау органдары, білім, денсаулық сақтау, қызмет көрсету салаларына мамандар қажет.

Кездесу барысында қала тұрғындары баспана, жұмысқа орналасу, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлікке қатысты сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды.

Related posts

Атыраулықтар мектеп жанындағы жолдың жөнделетінін күтіп, өз қаражатына жөндеп беруден шаршаған.

ШЫМКЕНТТЕ ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ КӘСІПТІК ОҚЫТУҒА ІРІКТЕУ АЯҚТАЛДЫ

ҚАЗАҚСТАНДА СҰЙЫТЫЛҒАН МҰНАЙ ГАЗЫНЫҢ БАҒАСЫ 1 АҚПАННАН БАСТАП ӨЗГЕРТІЛЕДІ

Leave a Comment