aspan Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Саясат Түркістан

ТҮРКІСТАНДА «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ» ТАҚЫРЫБЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Бүгін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары ардагерлерінің Қазақстандық ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі мен Түркістан облысының әкімдігі ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп – әділетті және құқықтық қоғамның негізі» тақырыбында республикалық конференция өтті.

Конференцияға Түркістан облысының әкімінің орынбасары Еркебұлан Даулыбаев, университет ректоры Жанар Темірбекова, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары ардагерлері кеңесінің төрағасы Сәлімбай Шүнеев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов, мемлекет қайраткері, генерал-майор Сейтжан Қойбақов, заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген Алауханов пен университет ұжымы мен студенттер қатысты.
Жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары ардагерлері кеңесінің төрағасы Сәлімбай Шүнеев модераторлық етті. Конференцияны университет ректоры Жанар Темірбекова ашып берді.
– «Заң мен тәртіп – қоғам дамуының негізгі тірегі. Заңдардың қалыптасуының өзіндік тарихи эволюциясы бар. Қазақ халқының «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» сияқты құқықтық дәстүрлері ата-бабаларымыздың қоғамды жазылмаған заңдар мен ортақ тәртіп негізінде басқарғанын көрсетеді. Бүгінде біз заң мен тәртіпті сырттан келген ұғым ретінде емес, ата-бабамыздан қалған құқықтық мұраның жалғасы ретінде қарастыруымыз керек. Әсіресе, жастар әр кезеңдегі құқықтық дәстүрлерді терең меңгеріп, қазіргі заман талаптарына сай әділетті қоғам құруға өз үлесін қосуы қажет. Әрқайсысы «Мен қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін не істей аламын?» деген сұраққа жауап бере алуы тиіс. Бұл ұстаным күнделікті өмірде, болашақ кәсіби қызметте де көрініс табуы керек, – деді ол.
Басқосуда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Даулыбаев сөз алып, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің құттықтау сөзін жеткізді.
– Біз заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтып, әділетті әрі сыбайлас жемқорлықтан ада қоғам қалыптастыруға күш салуымыз керек. Осы мақсатта облыста 2025-2030 жылдарға арналған «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Жастар арасындағы құқықбұзушылықтың, нашақорлықтың, буллинг пен өзге де келеңсіз әрекеттердің алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Нәтижесінде өңірде құқықбұзушылық көрсеткіштері төмендеп, профилактикалық шаралар өз нәтижесін беріп жатыр. Ертеңгі болашақ – сіздердің қолдарыңызда. Ал сол болашақтың берік болуы бүгінгі таңдаған жолдарыңыз бен ұстанымдарыңызға байланысты. Құқық қорғау саласының ардагерлерінен үлгі алып, заң мен тәртіпті сақтайтын, елге адал қызмет ететін отаншыл ұрпақ болыңыздар. Заң үстемдік құрған жерде әділдік, тәртіп орнаған жерде тұрақтылық болады, – деді Еркебұлан Дауылбаев.
Жиын барысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіптің әділетті қоғам қалыптастырудағы маңызына тоқталды. Сонымен қатар сала ардагерлері баяндама оқып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметтегі адалдық, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелерін ортаға салды. Қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту мәселелерін талқылап, студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Одан бөлек, университет кітапханасына Әділ Шаяхметов, Сейтжан Қойбақов және Есберген Алаухановтың кітаптары сыйға тартылды.
Конференция барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары ардагерлерінің Қазақстандық ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық аясында тараптар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен мемлекеттік қызмет этикасы бойынша дәрістер өткізу, бірлескен ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыру, жастардың әлеуметтік бастамаларын қолдау және тәжірибе алмасу бағыттарын жүзеге асырады.
Аталған конференция мен келісім тараптар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, жастардың құқықтық мәдениетін дамытуға, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын орнықтыруға бағытталған бірлескен жұмыстарға негіз болмақ.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Құны 17 миллиард доллардан асатын келісімдер және көпжоспарлы кеңейтілген стратегиялық серіктестік: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың Ақ үйдегі кездесуінің нәтижелері

Шымкентте Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің жаңа құрамы сайланды

«Үш компания арқылы 191 млрд теңге өткізілген»: ҚМА интернет-казиноларға жәрдемдесу дерегі бойынша тергеуді аяқтады

Aspan info

Пікір қалдырыңыз