aspan Ақпарат Әлем жаңалықтары Әлем жаңалықтары Бизнес Жаңалықтар Қоғам Саясат Технология Түркістан Экономика

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ: МАҚТА ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ДАМУДА

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шаруалармен кездесіп, биылғы мақта жинау науқанының барысын, өнімнің бағасы мен сапасына қойылатын талаптарды, сондай-ақ салаға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шараларын талқылады.

Кездесу барысында шаруаларды толғандырған өзекті сұрақтарға жауап беріп, мақта бағасының қалыптасу тетіктерін түсіндірді.
Биыл өңірде мақта егістігінің көлемі 173,6 мың гектарға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 29,1 мың гектарға көп. Маусым қорытындысында 555 мың тоннадан астам шитті мақта жинау жоспарланып отыр. 94,6 мың гектардан 283 мың тонна мақта жиналған.
Өңірде мақта шаруашылығына көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі ауқымды. Биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін «Кең дала» бағдарламасы аясында жалпы 16,8 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржы берілді.
Мемлекеттік қолдау тыңайтқыш, тұқым, пестицидтер мен биологиялық препараттардың құнын субсидиялау бағыттарында да көрсетілуде. Мақта дақылына енгізілген 68,9 мың тонна минералдық тыңайтқышқа 5,8 млрд теңге, 786 тонна мақта тұқымына 289 млн теңге, өсімдіктерді қорғау мақсатында қолданылған пестицидтер бойынша 102,4 млн теңге субсидия төленді.
Әкім шаруаларға мемлекеттік қолдаумен қатар, саладағы талаптардың да өзгеріп жатқанын түсіндірді.
Мақта өңдеу кәсіпорындары өнімді қабылдау және сатып алу кезінде оның сапасына қойылатын талаптарды күшейтіп келеді. Бұл – тек Түркістан облысына тән талап емес, әлемдік мақта нарығындағы қалыптасқан тәжірибе. Өнімнің сапасы, тазалығы, ылғалдылығы және басқа да көрсеткіштері оның нарықтағы құнына тікелей әсер етеді.
– Біз бірнеше жылдан бері шаруаларға бір мәселені айтып келеміз: заман өзгерді, нарықтың талабы өзгерді. Енді мақтаны бұрынғы тәсілмен ғана өсіріп, бұрынғы әдіспен жинау жеткіліксіз. Сапаға, өнімділікке, су үнемдеуге, заманауи технологияларды қолдануға басымдық беруіміз керек, – деді облыс әкімі.
Бұл бағытта Түркістан облысында «Түркістан агроөнеркәсіп кешені» компаниясының тәжірибесі ерекше. Компания тың жерлерге мақта егіп, тамшылатып суару технологиясын енгізіп, жергілікті шаруаларға заманауи агротехнологияларды үйретіп келеді. Компанияның тәжірибесінде гектарына 65 центнерге дейін өнім алу көрсеткіші қалыптасты. Ал дәстүрлі тәсілмен жұмыс істейтін жергілікті шаруашылықтарда орташа өнімділік көрсеткіші шамамен 20–25 центнер деңгейінде қалып отыр.
Облыс әкімі бұл тәжірибенің басты маңызы – тек жоғары өнім алуда емес, су мен ресурсты тиімді пайдалану, еңбек өнімділігін арттыру және мақта шаруашылығын технологиялық тұрғыдан жаңғырту екенін атап өтті.
– Су үнемдеу технологиясына біртіндеп көшуге дайын болуымыз керек. Бұл – уақыт талабы. Біз шаруаларды бір күнде жаңа технологияға көшіре алмаймыз. Бірақ бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек. Бірнеше жылдан бері осыны айтып, түсіндіріп келеміз. Бүгінгі талап – сапалы өнім, жоғары өнімділік және заманауи технология. Нарық та соны талап етеді, – деді Нұралхан Көшеров.
Сондай-ақ мақтаның биылғы бағасына қатысты да нақты жұмыстар жүргізілуде. Зауыт қожайындарымен келісімге келіп,
Мақтаның сатып алу бағасын қалыптастыруға әлемдік нарықтағы жағдай, халықаралық баға белгіленімдері және айырбас бағамының өзгеруі әсер етеді. Сондықтан ішкі нарықтағы бағаны тек жергілікті деңгейдегі шешіммен белгілеу мүмкін емес. Баға биржада қалыптасады.
– Мақтаның бағасы әлемдік нарықтағы жағдайға байланысты қалыптасады. Бұл ретте халықаралық нарықтағы баға белгіленімдері мен айырбас бағамы ескеріледі. Доллармен есептегенде биылғы баға өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Сондықтан баға мәселесін осы факторларды ескере отырып бағалау қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Биыл шаруалардың талабы ескеріліп, шитті мақтаның бастапқы сатып алу бағасы келісім бойынша 1 келіге 230 теңге болып белгіленді. Нарық конъюнктурасына қарай бағаның әрі қарай өзгеруі мүмкін. Мақтаның бағасы долларға байланған және биыл былтырғыға қарағанда жоғары. Былтыр бір тонна мақтаның құны 480–482 АҚШ долларына бағаланса, биыл 230 мың теңге шамасында, яғни 510–511 долларды құрап отыр. Демек, биыл мақтаның бағасы өткен жылмен салыстырғанда жоғары.
Облыс әкімі мақта қабылдау кезінде туындайтын мәселелер де назардан тыс қалмайтынын айтты. Таразы көрсеткішіне, зертхана қорытындысына, өнімнің сапасын анықтауға немесе есеп айырысуға қатысты келіспеушілік туындаған жағдайда, шаруалардың заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті мемлекеттік органдарға жүгінуге құқығы бар. Мұндай мәселелерді жедел қарау мақсатында облыста мобильді топтардың жұмысы ұйымдастырылған.
Қазір облыстағы негізгі міндет – мақтаны қолайлы ауа райы кезеңінде уақытылы әрі ысырапсыз жинау, өнімді қабылдауды ұйымдастыру және шаруалардың еңбегіне сай төлем алуына жағдай жасау.
Бұл ретте облыс әкімдігі тарапынан мақта қабылдау бекеттері мен өңдеу зауыттарының жұмысына мониторинг жүргізілуде. Жиын-терім науқанының барысы, өнімнің қабылдануы, сапасын анықтау және шаруалармен есеп айырысу мәселелері тұрақты бақылауда.
Облыс әкімі шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін, алайда саланың бәсекеге қабілетті болуы үшін өндіріс мәдениеті мен технологиялық тәсілдерді де өзгерту қажеттігін жеткізді.
Басты мақсат – шаруаның бүгінгі еңбегін қорғаумен қатар, мақта шаруашылығын ұзақ мерзімде тиімді, технологиялық және бәсекеге қабілетті салаға айналдыру.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Ақтауда вандалдар 2,5 миллион теңгеге селкілдерді сындырды

ҚОНАЕВТА ҚАТТЫ ЖЕЛ ШАТЫРЛАРДЫ ҰШЫРЫП ТҮСІРДІ

Aspan info

Салалық кеңестердің құрамы бекітілді

Пікір қалдырыңыз