aspan

Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге және сатуға толық тыйым салу ұсынылды

Қазақстанда энергетикалық сусындардың жарнамасын шектеу ғана емес, оларды өндіруге, елге әкелуге және сатуға толық тыйым салу мәселесі көтерілді. Бұл бастама халық денсаулығына, әсіресе жастар мен жасөспірімдерге энергетиктердің кері әсеріне байланысты талқыланып жатыр.

Соңғы жылдары Қазақстанда энергетикалық сусындарды тұтыну көлемі айтарлықтай өскен. Өндірушілер мен импорттаушылар қауымдастығының мәліметінше, 2023 жылы елде 215 миллион литр энергетикалық сусын сатылса, өткен жылы бұл көрсеткіш 355 миллион литрге жеткен. Екі жылдағы өсім 65 пайызды құрады. Ал нарықтың ақшалай көлемі шамамен 93 миллион АҚШ долларына бағаланған.

Мамандар энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну жүрек-қан тамырлары жүйесіне елеулі зиян келтіруі мүмкін екенін ескертеді. Медициналық тәжірибеде энергетиктерді тұрақты әрі көп мөлшерде ішудің салдарынан жүрек қызметінің бұзылуы, тахикардия және басқа да асқынулар тіркелген.

Атап айтқанда, Павлодар қаласында күн сайын төрт банкаға дейін энергетикалық сусын ішкен 20 жастағы азамат ауыр жүрек жеткіліксіздігімен жансақтау бөліміне түскен. Оған токсикалық кардиомиопатия диагнозы қойылған. Ал Алматыда энергетикалық сусындарды көп мөлшерде тұтынған 34 жастағы науқасқа жүрек трансплантациясы жасалғаны хабарланған. Шетелдік медициналық тәжірибеде де энергетиктерді пайдаланған 14 жастағы жасөспірімнің жүрегінен ауыр зақым анықталған жағдай кездескен.

Энергетикалық сусындарды тұтыну көрсеткішінің өсуі жасөспірімдер арасында да байқалады. Денсаулық сақтау саласындағы зерттеу нәтижелеріне сәйкес, мектеп оқушыларының 43 пайызы энергетикалық сусындарды белгілі бір деңгейде тұтынады. Олардың 10 пайызы мұндай сусындарды тұрақты түрде ішеді.

Мамандардың пікірінше, энергетиктердің жарнамасында олардың жұмыс қабілетін арттырып, физикалық белсенділікті күшейтетіні жиі айтылады. Алайда тұтынушылар өнім құрамындағы заттардың ағзаға ықтимал әсеріне жеткілікті мән бермейді. Осыған байланысты энергетикалық сусындардың адам денсаулығына әсерін жан-жақты ғылыми тұрғыда зерттеу қажеттігі айтылып отыр.

Қазақстанда энергетикалық сусындарға қатысты бірқатар шектеулер бұған дейін де енгізілген. 2025 жылғы қаңтардан бастап оларды 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынды. Ал 2026 жылғы қаңтардан бастап энергетикалық сусындарға акциз енгізілді. Дегенмен бұл шаралардың тұтыну көлемін қаншалықты төмендеткені және олардың сақталуына бақылау қалай жүргізіліп жатқаны жөнінде сұрақтар туындап отыр.

Осыған байланысты депутаттар энергетикалық сусындардың бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі жарнамасын қатаң шектеуді ұсынып отыр. Сонымен қатар халықаралық тәжірибені зерделеп, Қазақстанда олардың айналымын мемлекеттік деңгейде реттеудің қосымша тетіктерін енгізу қажет деп санайды.

Ұсынылып отырған шаралардың ішінде энергетикалық сусындарды өндіруге, импорттауға және сатуға толық тыйым салу мүмкіндігі де бар. Бұл ретте шектеулер интернет-дүкендер мен жеткізу қызметтеріне де қатысты болуы мүмкін.

Қоғамдық ұйымдар да энергетикалық сусындарды нарықтан толық алып тастауды қолдайды. Олардың пікірінше, акциз енгізу арқылы бағаны көтеру және сатылымды шектеу мәселенің түпкі себебін жоймайды. Сондықтан заңсыз айналым үшін жауапкершілікті күшейтіп, мемлекеттік бақылау тетіктерін қарастыру қажет.

Әзірге энергетикалық сусындарға толық тыйым салу туралы ұсыныс талқылау сатысында. Бұл бастаманы Үкімет қарастырып, оның ықтимал салдары мен жүзеге асыру жолдарын бағалауы тиіс.

Мамандардың айтуынша, энергетикалық сусындарды тұтынудың артуы халық денсаулығына қатысты маңызды мәселеге айналып отыр. Әсіресе жастар арасында олардың таралуын шектеу және тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету алдағы уақытта мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болуы мүмкін.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ШЫМКЕНТТЕ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ

Aspan info

ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ ШИЕЛЕНІС: ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҚАЙ ЕЛДЕРДЕ РЕФЕРЕНДУМДА ДАУЫС БЕРЕ АЛМАЙДЫ?

Aspan info

КӘСІПКЕРЛІК МАҚСАТТАҒЫ  ГРАНТҚА ҮМІТКЕРЛЕР АНЫҚТАЛДЫ

Пікір қалдырыңыз