aspan Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Түркістан

Түркістан облысында ер адам туысын аңшы мылтығымен атып, кейін қарудың дүмімен ұрған: сот үкімі шықты

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Шардара ауданының 28 жастағы тұрғынына қатысты адам өлтіру ісін қарады. Сотталушы өз туысын аңшы мылтығымен атып, кейін қарудың дүмімен басынан ұрған. Сот оны 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Сотта анықталғандай, оқиға 2026 жылғы 7 сәуірде сағат 15:20 шамасында болған. Сотталушы мотоциклмен үйіне қайтып бара жатып, «Жандар» құдығының маңында өзінің жасы үлкен немере ағасының ауылдасын ұрып жатқанын көрген.

Айыпталушының айтуынша, туысы мас күйде болған. Ол сондай-ақ марқұмның ішімдікке жиі әуес болғанын, масайған кезде ашушаңдық танытып, айналасындағыларға тиісетінін жеткізген. Мұндай мінезі салдарынан оның көршілерімен қатар туыстары да жиі жанжалдасып жүрген.

Оқиға кезінде сотталушының жанында оқталған 6-калибрлі «ИЖК» аңшы мылтығы болған. Ол жанжалдасып жатқан адамдарға жақындап, туысының арқасына қарай оқ атқан. Оқ тиген ер адам жерге құлағаннан кейін, сотталушы оған жақындап, мылтықтың дүмімен басынан тағы соққы жасаған. Осыдан соң мотоцикліне мініп, оқиға орнынан кетіп қалған.

Жараланған адамға жедел жәрдем шақырған — бұған дейін марқұм соққыға жыққан ауылдасы. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Ол ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Марқұмның әкесі де сотта айыпталушыны кешіретінін мәлімдеген.

Сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша, сотталушының созылмалы психикалық ауруы, ақыл-ой кемістігі немесе өзге де психикалық ауытқулары жоқ екені анықталған.

Істі қараған Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты айыпталушыны 11 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Сондай-ақ үкім заңды күшіне енгеннен кейін сотталған азамат Жәбірленушілерге өтемақы қорына 129 750 теңге аударып, 9 567 теңге көлеміндегі процестік шығынды өтеуге міндеттелді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ШЫМКЕНТТЕ «ЖҰМЫСШЫ ЖАСТАР» ФОРУМЫ ӨТТІ

ҚҰМАР ОЙЫН БИЗНЕСІН ҰЙЫМДАСТЫРДЫ ДЕГЕН КҮДІКПЕН ЕКІ ШЕТЕЛДІК АЗАМАТҚА ІЗДЕУ САЛЫНДЫ

Aspan info

ТАРАЗДА БАЛАСЫН ҰРҒАН ӘЙЕЛДІҢ КҮЙЕУІ БАЛАЛАРДЫ ҚАМҚОРЫНА АЛУҒА ТЫРЫСЫП ЖҮР

Aspan info

Пікір қалдырыңыз