aspan

ҚАЗАҚМЫС КЕНІШТЕРДІҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ТОЛЫҚ ЖАҢАРТПАҚ

«Қазақмыс корпорациясы» басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Жезқазған өңірінің өндірістік алаңдарында жұмыс кездесулерінің сериясын өткізді. Онда қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға және кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған бірқатар шешім қабылданды.

Оңтүстік Жезқазған және Батыс Жезқазған кеніштерін аралау барысында кәсіпорындарды материалдармен және қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету, жөндеу жұмысын ұйымдастыру, өндірістік және тұрмыстық инфрақұрылымның жай-күйі, сондай-ақ техниканы жаңарту мәселелері қаралды.

Өндірістік бөлімшелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін өздігінен жүретін жабдықтарды жөндеуге 6,7 миллиард теңге бөлінді.

Оңтүстік Жезқазған кенішінде №65 шахтаның тұрмыстық корпусын жөндеу және ауданы 2,9 мың шаршы метр әкімшілік-тұрмыстық комбинаттың шатырына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.

Батыс Жезқазған кенішінде №73-75 шахталарының әкімшілік-тұрмыстық кешені мен жылы өткеліне жөндеу жүргізіледі. №67 шахтаның жуынатын және киім ауыстыратын бөлмелері жаңартылады.

Компания тау-кен-шахталық техникасы паркін жаңарту бойынша қолданыстағы тәсілдерді қайта қарап жатыр. Пайдалану барысында тиімділігі дәлелденбеген жабдықтарды сатып алудан бас тарту туралы шешім қабылданып, әлемдік жетекші өндірушілердің техникасын сатып алуға басымдық беріледі.

Осы мақсатқа 9,9 миллиард теңге бөлініп, 19 бірлік өздігінен жүретін бұрғылау қондырғысы сатып алынады. Жыл соңына дейін 8 бұрғылау қондырғысын жеткізу туралы болжам бар.

Өндірістік алаңдар үшін жалпы құны 2,5 миллиард теңге 25 заманауи реанимобиль сатып алынды. Оларды жыл соңына дейін жеткізу жоспарланған.

Қажетті оқыту курсынан өткеннен кейін кәсіпорын қызметкерлерінің өз күшімен жоғары қысымды жуу аппараттарына қызмет көрсетуін ұйымдастыру және соған сәйкес қосымша төлем енгізу мүмкіндігі қарастырылуда.

Еңбек ұжымымен өткен кездесу барысында жұмыскерлерді арнайы киіммен, жеке қорғаныс құралдарымен және ыстық тамақпен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі расталды. Кәсіпорындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға, көлікпен қамтамасыз етуге және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған іс-шараларды іске асыру жалғасуда.

«Біздің міндетіміз — тек өндірістік жоспардың орындалуын қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар адамдарға еңбек ету үшін лайықты жағдай жасау. Барлық көтерілген мәселе нақты шешімін тауып, басшылықтың тұрақты бақылауында болуы тиіс», — деді басқарма төрағасы.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

СТАДИОН: ЖЕР ТЕЛІМДЕРІН МЕМЛЕКЕТ МҰҚТАЖЫНА ҚАЙТАРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ТОКАЕВ ПРОВЕЛ СОВЕЩАНИЕ В ГЕНЕРАЛЬНОЙ ПРОКУРАТУРЕ

Aspan info

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДА ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТТАРЫ БЕРІЛДІ

Пікір қалдырыңыз