aspan

2026 ЖЫЛЫ ОҢТҮСТІК ӨҢІРЛЕРДЕ СУ ТАПШЫЛЫҒЫ ҚАУПІ БАР

Қазақстанның оңтүстік аймақтарында 2026 жылғы вегетациялық кезеңде су ресурстарының тапшылығы сезілуі мүмкін. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі қолданысқа енгізіп жатқан Talsim-NG гидрологиялық моделінің болжамы көрсетіп отыр.

Министр Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, алдағы маусымда Сырдария және Талас өзендері бассейндеріндегі су көлемі көпжылдық орташа көрсеткіштен айтарлықтай төмен болуы ықтимал. Негізгі себеп – 2025 жылы жауын-шашын мөлшерінің азаюы және таулы өңірлерде ылғал қорының жеткіліксіз қалыптасуы.

Сырдария бассейні – негізгі қауіп аймағы. Болжамға сәйкес, стратегиялық маңызы жоғары Тоқтоғұл су қоймасындағы су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,5 км³-ге төмендеген. Бұл жағдай Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарын «Достық» каналы арқылы сумен қамтамасыз етуге кері әсер етуі мүмкін. Аталған өңірлерде суармалы егіншілік көлемі жоғары болғандықтан, су тапшылығы ауыл шаруашылығына айтарлықтай салмақ түсіруі ықтимал.

Жамбыл облысындағы ахуал.Өңір үшін маңызды Киров су қоймасындағы су көлемі қазіргі таңда 314 млн текше метрді құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 1,5 есе төмен. Мамандар мұндай жағдай суару науқаны барысында суды тиімді әрі үнемді пайдалануды талап ететінін атап өтуде.

Іле және Шу бағытындағы жағдай. Іле және Шу өзендері бассейндерінде жағдай салыстырмалы түрде тұрақты деп бағаланғанымен, өзен ағынының біркелкі болмауы су ресурстарын бөлуде қосымша қиындықтар туындатуы мүмкін.

Министрлік алдағы кезеңде су үнемдеу технологияларын енгізу, су бөлу кестесін нақтылау және трансшекаралық су ресурстарын тиімді басқару бағытында жұмыстарды күшейтетінін мәлімдеді.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ТОҚАЕВ UAE SWAT CHALLENGE-2026 ЖЕҢІМПАЗДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Aspan info

БОЛЕЕ 16,8 ТЫС. ЭТНИЧЕСКИХ КАЗАХОВ ПОЛУЧИЛИ СТАТУС КАНДАСА В 2025 ГОДУ

Aspan info

ШЫМКЕНТТЕ ЖАС МАМАНДАРДЫҢ ЕҢБЕК ЖОЛЫ «ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫ» АРҚЫЛЫ БАСТАЛУДА

Пікір қалдырыңыз