Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың қарашасына дейін қалада 16 626 медицина маманы тұрғындар мен қонақтарға қызмет көрсетіп отыр, оның ішінде 5 289 дәрігер және 11 337 орта буынды маман. Қала халқының саны жыл басынан бері 1,9%-ға өсіп, 1,27 млн-нан асты. Дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші елдік деңгейден сәл жоғары – 41,6, ал орта буынды қызметкерлер бойынша 89,1 көрсеткішін құрап отыр. Қалада 59 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымы жұмыс істейді, оның жартысынан көбі жекеменшік. Тәуліктік стационарлық көмек көрсететін 47 медициналық мекеме 4 870 төсек қорымен қамтамасыз етілген. Күндізгі стационарлық көмек көрсететін мекемелер саны – 137, төсек қоры – 2 505.2025 жылы медицина саласында бірқатар ірі оқиғалар мен жаңалықтар орын алды. Жергілікті бюджет есебінен 54 дәрігер шетелде біліктілігін арттырса, 250 маман менторлық жолмен мастер-класстардан өтті. Қалада балалар кардиохирургиясы, неонаталды хирургия, бір күндік клиника сияқты жаңа бөлімшелер ашылды. Биыл 1 жүрек, 17 бүйрек трансплантациясы және 1 140 жоғары технологиялық медициналық көмек отасы жасалды. Шымкент қаласы онкологиялық орталығында алғаш рет «Кеңірдек бифуркациясын резекциялау» отасы сәтті жүргізілді. Сондай-ақ, «Шымкент жүрек орталығы» базасында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының перспективалы кардиологиялық зерттеу орталығы ашылды. Қалалық денсаулық сақтау ұйымдарына материалдық-техникалық жабдықтар деңгейі 79%-дан 90%-ға артты, жедел жәрдем қызметі жаңартылған автокөліктермен күшейтілді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі де жетілдірілді. Қалада бірыңғай дистрибьютор «СҚ-Фармация» арқылы 89 медициналық ұйым дәрілік заттармен қамтамасыз етілуде. Амбулаториялық деңгейде 476 атау бойынша 15,9 млрд теңгеге, ал стационарлық деңгейде 1 010 атау бойынша 18,5 млрд теңгеге дәрі-дәрмек жеткізілді. «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында рецепттердің 92,5%-ы қамтамасыз етіліп, орфандық ауруы бар науқастарға дәрілік заттар толық берілді.Қаладағы денсаулық сақтау жүйесіндегі барлық өзгерістер – сапалы медициналық көмек көрсету, жаңа технологияларды енгізу және кадрлық әлеуетті арттыруға бағытталған. Шымкенттің денсаулық сақтау саласы тек қалалық емес, республикалық деңгейде де үлгі орталыққа айналуда.
