aspan

Шымкентте қызмет еткен 140 сарбаз үйіне қайтты

 

35748 әскери бөлімінде мерзімді қызметін аяқтаған сарбаздарды салтанатты запасқа шығарып салу рәсімі өтті. Бұл шара – ел қорғаны болған жауынгерлердің еңбегі мен табандылығына құрмет көрсету сәті болды, себебі 1 жылда 30 сарбаз спорттық дәрежелерге қол жеткізді.

 

Бір жылдық қызмет барысында сарбаздар жауынгерлік, мемлекеттік-құқықтық және оқу-жаттығу дайындықтарында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, бөлімнің абыройын асқақтатты. Әскери тәртіп пен техниканы меңгеруде үлгі көрсетіп, өз міндеттерін мінсіз орындады.

Әскери рәсімдер мен дәстүрлерді сақтай отырып, іс-шара саптық алаңға бөлімнің жауынгерлік туын енгізуден басталды. Әскери бөлім командирі міндетін  уақытша атқарушы, подполковник Айдос Исаев салтанатты шараны ашып, сарбаздарға алғыс білдірді. Ол әскери қызметтің ел тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтаудағы маңыздылығын ерекше атап өтті және сарбаздардың ата-аналарына да ризашылығын жеткізді.

— Құрметті сарбаздар! Әскери қызмет кезінде танытқан ерік-жігер мен табандылықтарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Алдағы азаматтық өмірде де сәттілік пен биік жетістіктер серік болсын. Сіздердің есімдеріңіз әскери бөлім тарихында мақтанышпен аталады, — деп толықтырды подполковник Айдос Исаев.

Ерекше атап өтерлік жайт – 12 ай қызмет уақытында запасқа шығарылған 140 сарбаздың арасынан 5 спорт шебері, 10 бірінші дәрежелі және 15 екінші дәрежелі спорт шебері дәрежесіне қол жеткізіпті. Бұл – әскер қатарына келген жастардың тек әскери ғана емес, спорттық дайындық деңгейінің де жоғары екенін айғақтайды. Спорттағы бұл жетістіктер – тәртіптің, шыдамдылықтың және рухтың бірлігін көрсететін маңызды нәтиже.

Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысының кезектен тыс тексеруі кезінде де сарбаздар жауынгерлік дайындықтан жоғары баға алды. Атап айтқанда, көздеуіш оператор қатардағы Асылмұрат, оқшашар қатардағы Уринбеков, ефрейтор Қайратұлы және ефрейтор Ахметжан үздік көрсеткіштерімен танылды.

Сонымен қатар 2 шабуылдаушы ротасының 2 взводы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тексеруінде «өте жақсы» деген баға алып, тактикалық оқу-жаттығуларда үздік деп танылды.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 36-бабының 1-тармағында айтылғандай, елді қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Осы қағиданы берік ұстанған сарбаздар өз міндетін лайықты орындап, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеді.

 

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ, САЛТ-ДӘСТҮР — ТӘРБИЕ БАСТАУЫ

«Ж.Сүлейменов атындағы №70 жалпы білім беретін мектеп»

ШЫМКЕНТ: «АЙБАРЫ МЫҚТЫ – АТА ЗАҢ» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Пікір қалдырыңыз