Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында денсаулық сақтау саласын дамыту және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру бағытында баспасөз жиыны өтті. 2026 жылдың I тоқсанында атқарылған іс-шаралар осы бағыттағы оң өзгерістерді айқындай түседі.
Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында қалада 58 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымы жұмыс істейді. Тұрғындардың басым бөлігі жекеменшік медициналық ұйымдарға тіркелген, бұл өз кезегінде денсаулық сақтау саласында бәсекелестіктің қалыптасуына ықпал етуде. Сонымен қатар, тәуліктік стационарлық көмек көрсететін 46 медициналық мекеме және күндізгі стационар қызметін ұсынатын 124 ұйым халыққа үздіксіз қызмет көрсетіп келеді.
Есепті кезеңде медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі – 2026 жылғы 30-31 наурыз күндері өткен «ҚР Президенті іс басқармасы Медициналық орталығының күндері» іс-шарасы болды. Аталған бастама аясында қала тұрғындарына жоғары білікті мамандардың консультациялары ұсынылды.
Материалдық-техникалық базаны жаңарту да назардан тыс қалған жоқ. Жергілікті бюджет есебінен қаладағы медициналық ұйымдар заманауи құрылғылармен толықтырылды. Атап айтқанда, компьютерлік томография және магниттік-резонанстық томография аппараттары сатып алынып, пайдалануға берілді. Бұл диагностиканың дәлдігін арттырып, ауруларды ерте анықтауға жол ашады. Сонымен қатар, жедел медициналық көмек қызметін күшейту мақсатында 25 санитарлық автокөлік алу жоспарланып, қазіргі таңда тиісті келісімшарт жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстар Шымкент қаласында денсаулық сақтау жүйесінің дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға және халық денсаулығын жақсартуға негіз болмақ.
