“Біз 3 наурыз күні Астанаға ұшуымыз керек еді. Бүгін бізге тағы да “тосынсый” жасап, рейсті 10 наурызға шегерді. Бір апта күтіп жатырмыз. Ашынатыным – Air Astana компаниясының ұстанымы. Колл-орталық “Қайтарым жасауға болады” деп жауап беріп отыр. Сіздер әзілдеп отырсыздар ма? Қазір бұл ақшаға тек автобусқа билет сатып алуға болады. 2 ересек пен 2 балаға FlyDubai билеті 3 миллион теңге тұрады”, – деп жазды қазақстандық.
Айтуынша, отандық әуе кемелерінен басқа елдің ұшақтары азаматтарын тасымалдап жатыр.
“Неге FlyDubai ұша алады, ал біздің “флагманымыз” қолын бір сілтей салады? Бұл – ұлттық компаниялардың қызмет көрсету сапасының төмендігі”, – деп ашынды отандасымыз.
Алайда Air Astana 4 наурыз күні 4 репатриациялық рейсті орындағанын мәлім еткен еді. Олар: Медина-Атырау, Медина-Ақтау және 2 рейс Жидда-Атырау.
“Жолаушылардың жалпы саны 640. Одан кейін жолаушыларды тасымалдау үшін Атыраудан Алматыға 2 рейс және Астанаға 1 рейс орындалды”, – деп жазды компания.
Бәрінде жергілікті уақыт көрсетілген. Әуе компаниясы Таяу Шығыстағы жағдайды мұқият қадағалап отырғанын айтқан. Алайда отандасымыздың бұл шағымы 6 наурызда, яғни бүгін жарияланып отыр.
Қазақстан өз азаматтарын Орта Шығыс елдерінен эвакуациялауды жалғастырып жатыр. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шиеленіс аймақтарынан 3,3 мыңнан астам қазақстандық шығарылды.
“Эвакуация басталғаннан бері әуе тасымалдаушылары 12 рейс орындады. Бүгін, 6 наурызда, Ираннан Иран-Армения шекарасына тағы 7 қазақстандық эвакуациялануы керек. Олардың ішінде “Заркух” компаниясының қызметкерлері бар. Жалпы алғанда Ираннан 52 қазақстандық келді. Қазақстанның өңірдегі дипломатиялық өкілдіктері жергілікті іс-шараларды үйлестіруді жалғастырып, эскалация аймағындағы отандастарымызбен тұрақты байланыста болады және эвакуация толық аяқталғанға дейін қолдау көрсетеді”, – деп хабарлады ведомство.
