aspan Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Түркістан

ТҮРКІСТАН: «ҚАРАТАУ» ҚОРЫҒЫНДА АРҚАР САНЫ 1964 БАСҚА ЖЕТТІ

Түркістан тауларын мекендейтін Қаратау арқарының саны көбейіп келеді. Оның санын сақтау және популяциясының өсімін бақылау мақсатында мамандар жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде тау жоталарын аралап, санақ жүргізеді. Соңғы санақ нәтижесі бойынша, қорық аумағындағы арқар саны 1964 басқа жетті.

Қаратау арқарының саны өткен ғасырдан бері бірнеше рет күрт азайған. 1976 жылғы дерек бойынша, тауда шамамен 150 арқар қалған. Ал 2004 жылы олардың саны 38 басқа дейін төмендеген. Сол жылы Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы құрылып, сирек жануарларды қорғау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле бастады. Содан бері популяция біртіндеп көбейіп келеді.
Қаратау арқары (Ovis ammon nigrimontana) – Қазақстанның Қызыл кітабына 1-санат бойынша енгізілген, жойылып кету қаупі төнген тек Қаратау жоталарында кездесетін эндемді жануар түрі. Сондықтан оның популяциясын сақтау, табиғи өсімін қамтамасыз ету және мекен ету ортасын қорғау ерекше маңызға ие.
Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы құрылған кезден бері сирек жануарларды қорғау, табиғи экожүйелерді сақтау, биоалуантүрлілікті қорғау және браконьерлікке қарсы күрес, табиғи мекен ету ортасының бұзылуына жол бермеу және жүйелі ғылыми мониторинг жүргізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Сонымен қатар қорық аумағында мекендейтін басқа да жабайы жануарлар, оның ішінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген сирек кездесетін түрлердің популяциялық жағдайында да оң өзгерістер байқалуда.
Мамандардың айтуынша, ауа райы мен маусымдық өзгерістер арқарлардың қозғалысына да әсер етеді. Күн суытқанда олар биік жайылымдардан төменгі аумақтарға қарай ығысады. Қыста төменге түсіп, жазда қайтадан биікке көтеріледі. Суаттарға да барады.
Арқарларды үркітіп алмау үшін мамандар оларды алыстан дүрбі арқылы бақылайды. Санақ жұмыстары фототұзақ, дрон және жануарлардың іздері мен басқа да жанама белгілерін зерделеу арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар жануарлардың жалпы саны ғана емес, жыныстық және жас ерекшеліктері де ескеріледі. Әсіресе төлдердің санына баса мән беріледі. Себебі бұл көрсеткіш популяцияның өсімін бағалауға мүмкіндік береді.
– Мамандар арқарларды сыртқы белгілеріне қарап ажыратады. Ал бір жануарды бірнеше рет есепке алмау үшін әр топ өз бағыты бойынша тіркелген мәліметтерді салыстырады, – деді Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы басшысының орынбасары Шора Жанатаев.
Бүгінде қорық аумағында арқарлардан бөлек, өзге де жабайы жануарлар кездеседі. Мұнда 700-ден астам өсімдік түрі өседі. Сондай-ақ құстардың 118-ден астам түрі мекендейді. Оның 12-сі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ 15 ҚАЗАН МЕН 1 ҚАРАША АРАЛЫҒЫНДА БАСТАЛАДЫ

Aspan info

Халықтық штаб өкілдері Қызылорда облысында бірнеше ұжымдармен кездесулер өткізді

ЩУЧИНСК ДӘМХАНАСЫНДАҒЫ ЖАРЫЛЫС: ҚАЗА ТАПҚАНДАРДЫҢ САНЫ 11-ГЕ ЖЕТТІ

Aspan info

Пікір қалдырыңыз