aspan Ақпарат Жаңалықтар Қоғам

ҚАЗҰУ ЖАТАҚХАНАСЫНДАҒЫ ЕКІНШІ СТУДЕНТ ӨЛІМІНЕ ҚАТЫСТЫ КҮДІКТІ ҰСТАЛЫП, ЕКІ БАСШЫ ҚЫЗМЕТІНЕН БОСАТЫЛДЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бір ай ішінде екінші студенттің қазасы тіркелді. 15 қарашадан 16 қарашаға қараған түні жатақханада бірінші курс студенті көз жұмды. Қайғылы оқиғадан кейін университеттің әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректоры мен География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды. Ал полиция студент өліміне қатысты қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстаған.

Оқиға университеттің төртінші жатақханасында болған. Әлеуметтік желіде тараған мәліметтерге сүйенсек, екінші курс студенттері бірінші курс студенттерін сөйлесуге шақырған. Журналист Михаил Козачковтың Telegram-арнасында жарияланған ақпарат бойынша, жоғары курс студенттері төменгі курс студенттерінен ақша талап еткен болуы мүмкін. Осыдан кейін жастар арасында жанжал туындаған. Журналистің мәліметінше, жанжал кезінде екінші курс студенті бірінші курс студентінің іш тұсынан үш рет жұдырықпен ұрған. Соққы алған жас жігіт құлап, есін жимаған. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылып, дәрігерлер оның қайтыс болғанын анықтаған. Алайда бұл мәліметтердің барлығы әзірге ресми түрде расталған жоқ. Марқұмның туыстарының айтуынша, оларға бастапқыда студенттің дене қызуы көтеріліп, содан көз жұмғаны хабарланған. Кейін Алматыдағы таныстарынан оқиғаның басқа мән-жайын естіп, университет басшылығына хабарласқан. Туыстарының сөзінше, факультет деканы бастапқыда мұндай оқиғаның болғанын жоққа шығарған. Сондай-ақ әлеуметтік желіде марқұмға электрошокер қолданылғаны туралы ақпарат тарады. Бірақ бұл дерек те әзірге расталмаған. Алматы қалалық полиция департаменті студенттің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын және күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Құқық қорғау органдары өлімнің нақты себебі туралы әзірге мәлімет берген жоқ. Қайғылы оқиғадан кейін университет басшылығы да шұғыл шаралар қабылдаған. Оқу орнының ресми мәлімдемесіне сәйкес, тәрбие жұмысын тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ете алмағаны үшін әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор мен География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылған. Бұған қоса, оқиға болған күні жатақханада кезекшілік атқарған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетіліп, олардың әрекетіне құқықтық баға беріліп жатыр. Университет барлық жатақханада кешкі бақылауды күшейтіп, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және психологиялық көмек көрсету бойынша қосымша шаралар қабылдағанын мәлімдеді. Оқу орны тергеу органдарына толық қолдау көрсетіп жатқанын және істің әділ әрі ашық қаралуына мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ марқұмның отбасына көңіл айтып, қажетті көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Қазір студенттің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның нақты себептері мен оған қатысы бар тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға тергеу нәтижесінде берілуі тиіс.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ЖАНЖАЛДАН КЕЙІН ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТКЕН СЕРІК СӘПИЕВТІҢ ОРНЫНА ЖАҢА БАСШЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Aspan info

ТҮРКІСТАН: АССАМБЛЕЯ ЖАНЫНДАҒЫ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Алматы облысында бала ешкі сүтін өндіретін фермадағы резервуарда суға кетті

Пікір қалдырыңыз