aspan Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Редактор таңдауы Саясат Шымкент

ДИРЕКТОРСЫЗ МЕКТЕПТЕР, НӘТИЖЕСІ БЕЛГІСІЗ КОНКУРСТАР: ШЫМКЕНТТЕГІ БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ КАДР САЯСАТЫ ҚАНДАЙ?

Шымкент қаласындағы бірқатар мемлекеттік мектепте директор лауазымы ұзақ уақыттан бері бос тұр. Кейбір білім беру ұйымдары уақытша міндетін атқарушылардың басқаруымен жұмыс істеп келеді.

Ал жарияланған конкурстардың нәтижесі туралы ақпарат көп жағдайда қоғамға қолжетімді емес. Тіпті мектеп басшыларының міндетін қалалық білім басқармасының әдістемелік бөлімінің қызметкерлеріне жүктеу тәжірибесі де кездеседі. Мұндай тәжірибе заң талаптарына қаншалықты сәйкес келеді? Неліктен конкурстық рәсімдер барлық білім беру ұйымында бірдей мерзімде өткізілмейді?

Шымкент қаласының білім беру жүйесінде ресми түсіндіруді және уәкілетті органдар тарапынан құқықтық баға беруді қажет ететін жағдай қалыптасып отыр. Әңгіме мемлекеттік мектептердің бірінші басшыларын тағайындау мәселесі туралы. Жекелеген білім беру ұйымдарында басшылыққа қатысты белгісіздік ұзаққа созылған.

Бір мектептерде конкурс өткізіліп, тұрақты директор тағайындалса, енді бірінде басшылық міндеті уақытша атқарушыларға жүктелген. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, кейбір жағдайларда мұндай уақытша басқару мерзімі нормативтік актілерде белгіленген шектен едәуір асып кеткен.

Осы орайда заңды сұрақ туындайды: неліктен кейбір мектептерде директор қызметінен кеткеннен кейін конкурс бірден жарияланады да, басқа білім беру ұйымдарындағы бос орындар ұзақ уақыт бойы толтырылмайды?

Қазақстанда мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындау тәртібі 2025 жылғы 31 наурыздағы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің №57 және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің №96 бірлескен бұйрығымен реттеледі.

Қағидалардың 2-тарауының 7-тармағына сәйкес, бірінші басшының бос немесе уақытша бос лауазымы бойынша міндеттерді атқару конкурс рәсімдері аяқталғанға дейін тиісті білім беру ұйымы басшысының орынбасарына не педагогіне жүктеледі. Бұл ретте уақытша міндет атқару мерзімі алты айдан аспауға тиіс.

Бұдан бөлек, Қағидалардың 9-тармағында бос лауазым пайда болған күннен бастап 20 жұмыс күнінен кешіктірмей конкурс туралы хабарландыруды ресми интернет-ресурста және мемлекеттік органның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жариялау көзделген.

Демек, заңнамада басшының міндетін уақытша атқару тетігі ғана емес, конкурстық іріктеуді ұйымдастырудың нақты мерзімдері де белгіленген.

Алайда Шымкенттегі бірқатар мектептің кадрлық жағдайына қатысты мәліметтер бұл талаптардың іс жүзінде қаншалықты сақталып отырғаны жөнінде сұрақ туғызады.

ТҰРАҚТЫ ДИРЕКТОРСЫЗ ЖҰМЫС ІСТЕГЕН МЕКТЕПТЕР

Нақты мысалдарға тоқталайық.

Дарынды балаларға арналған №3 Тасова атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында 2025 жылдың ақпанынан бері тұрақты директор болмаған. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, бұл лауазымға конкурс ұзақ уақыт бойы жарияланбаған.

№84 мектеп 2025 жылдың қарашасынан бастап тұрақты басшысыз жұмыс істеген. Бір жарым жылдан астам уақыт бойы директордың міндетін орынбасары атқарған. Ашық дереккөздерде бұл лауазымға конкурс жарияланғаны туралы ақпарат кездеспеді.

№44 мектепте де қалыптасты. Мұнда 2025 жылдың қарашасынан бері тұрақты директор болмаған. Басшының міндетін оқу ісі жөніндегі орынбасары атқарған. Конкурстық іріктеу өткізілгені туралы ақпарат та жарияланбаған.

№133 мектепте де 2025 жылдың мамырынан бері тұрақты басшы болмаған. Бұл лауазымға конкурс жарияланғаны жөнінде ашық ақпарат табылмады.

Бұған дейін №45 гимназия мен №9 лицейдегі уақытша басшылықтың ұзақтығына қатысты да сұрақтар туындаған. Аталған білім беру ұйымдары бойынша да бос орындардың қашан пайда болғанын және қандай кадрлық рәсімдер жүргізілгенін білім басқармасы түсіндіруі қажет.

Келтірілген мысалдар бұл жағдайды жүйелі түрде тексеру қажеттігін көрсетеді. Егер басшылық лауазымдары ұзақ уақыт бойы бос тұрса, білім басқармасы конкурстық рәсімдердің не себепті ұйымдастырылмағанын түсіндіріп, олардың қашан өткізілетінін немесе мүлде өткізілген-өткізілмегенін хабарлауы тиіс.

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА САЛЫНҒАН БІЛІМ ОРДАЛАРЫНДА ДА БАСШЫЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ БАР

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған білім беру ұйымдарының жағдайы да ерекше назар аударуды қажет етеді.

Жобаның мақсаты – заманауи білім беру инфрақұрылымын қалыптастырып, балалардың оқу жағдайын жақсарту. Алайда жаңа ғимараттар мен заманауи жабдықтардың болуы кадрлық және ұйымдастырушылық басқару мәселелерін өздігінен шешпейді.

Мәселен, №149 мектепте 2025 жылдың қаңтарынан бері тұрақты директор болмаған. Қолда бар мәліметке сәйкес, бұл лауазымға конкурс жарияланбаған.

Тағы бір мысал – №147 жайлы мектеп. Қолда бар ақпарат бойынша, білім ордасы ашылған сәттен бастап тұрақты директорсыз жұмыс істеген. Бірінші басшы лауазымына конкурс өткізілгені туралы мәлімет жоқ.

Сонда жаңа білім беру ұйымдары пайдалануға беріліп, оқушыларды қабылдап, педагогикалық ұжым қалыптастырғанымен, тұрақты басшы тағайындау мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппаған ба?

Бұл ата-аналар мен ұстаздар үшін жай ғана кадрлық мәселе емес. Себебі мектеп директоры оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға, ұжым жұмысын басқаруға, қаржы-шаруашылық қызметіне және оқушылардың қауіпсіздігіне жауап береді. Сондықтан мұндай білім беру ұйымдарында басшылықтың тұрақтылығының маңызы зор.

НЕГЕ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ӘДІСКЕРЛЕРІ МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРАДЫ?

Кадр саясатына қатысты тағы бір мәселе – Шымкент қалалық білім басқармасының әдістемелік бөлімінде жұмыс істейтін қызметкерлерді мектептерге уақытша басшы етіп тағайындау тәжірибесі.

Редакцияға келіп түскен мәліметке сәйкес, бірқатар білім беру ұйымында бірінші басшының міндетін қалалық білім басқармасының қызметкерлері атқарған.

Атап айтқанда:

— №145 мектепті еңбек өтілі 36 жыл болатын уақытша міндетін атқарушы басқарған;
— №3 Тасова атындағы мектеп-интернаттың басшылығына еңбек өтілі 23 жылдық қызметкер тағайындалған;
— №142 мектептің директоры міндетін еңбек өтілі 23 жыл болатын әдіскер атқарған;
— №149 мектепте директордың міндеті еңбек өтілі 13 жылдық әдіскерге жүктелген.

Әрине, ұзақ жылдық еңбек өтілі кәсіби тәжірибенің мол екенін көрсетуі мүмкін. Алайда бірінші басшы лауазымына тағайындау кезінде жалпы еңбек өтілі ғана емес, белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестік те ескерілуі керек.

Қолданыстағы Қағидаларда мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшылары міндетін уақытша атқаратын тұлғаларға қойылатын белгілі бір талаптар қарастырылған. Атап айтқанда, соңғы екі жылдағы нормативтік актілерде көзделген педагогикалық өтілінің немесе басшы орынбасары не білім беру ұйымының басшысы лауазымындағы тиісті жұмыс тәжірибесінің болуы ескерілуі қажет.

Ал редакцияға ұсынылған мәліметтерде аталған қызметкерлердің барлығының осы талаптарға сәйкестігін анықтауға мүмкіндік беретін ақпарат жоқ.

Мұнда бір жайтты атап өткен жөн: әдіскерді мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы етіп тағайындау өздігінен заң бұзушылық болып саналмайды. Алайда мұндай шешімнің тиісті құқықтық негізі болуы, ал тағайындалған адамның біліктілік талаптарына сәйкестігі құжат жүзінде расталуы тиіс.

Сондықтан білім басқармасы әдістемелік бөлім қызметкерлерін мектептерге уақытша басшы етіп тағайындау қандай бұйрықтардың негізінде жүзеге асырылғанын, олардың біліктілік талаптарына сәйкестігін кім тексеретінін және мұндай кадрлық шешімдердің қажеттілігі немен байланысты екенін түсіндіруі керек.

Сондай-ақ кейбір білім беру ұйымдарында уақытша басшылықтың не себепті ұзақ уақыт сақталып отырғанына да жеке түсініктеме берілуі қажет.

КОНКУРСТАР ЖАРИЯЛАНАДЫ, АЛ НӘТИЖЕЛЕРІ ЖҰРТШЫЛЫҚҚА БЕЛГІСІЗ

Шымкент қалалық білім басқармасының ресми сайтындағы жарияланымдарды зерделеу қалада конкурстық рәсімдердің өткізілетінін көрсетеді. Оның үстіне, кейбір жағдайда конкурс туралы хабарландырулар басшылық лауазымы босағаннан кейін көп ұзамай жарияланған.

Мәселен, 2026 жылдың наурыз айының ортасында басқарма №128 мектеп пен «Білім-инновация №1» ұлдарға арналған лицей-интернаты директорларының лауазымдарына конкурс жариялаған. Алайда редакция зерделеген жарияланымдардан осы іріктеулердің түпкілікті нәтижелері туралы толық ақпарат табылмады.

2026 жылғы 8 сәуірде Пушкин атындағы №1 гимназия мен №13 мектеп басшыларын тағайындауға арналған конкурстар жарияланды.

Бір қызығы, №1 гимназиядағы конкурс бұрынғы директорымен еңбек шарты зейнеткерлік жасқа толуына байланысты тоқтатылғаннан кейін небәрі үш күн өткен соң жарияланған.

24 сәуірде басқарма №28 мектеп пен №89 IT мектеп-лицейінің басшылық лауазымдарына конкурс өткізілетінін хабарлады.

Ал 14 мамырда жаңа хабарландырулар жарияланды. Бұл жолы №34, №128 мектептер мен №89 IT мектеп-лицейіне басшы ізделді. Осылайша, №89 мектеп-лицейі директорының лауазымына конкурс қайта жарияланған.

2026 жылғы 29 мамырда білім басқармасы басшыларды іріктеу туралы тағы да хабарландыру жариялады. Бұл жолы №98 және №145 мектептердің директорлық лауазымдарына конкурс өткізілетіні айтылды. Сонымен қатар Пушкин атындағы №1 гимназия директорының лауазымына конкурс қайта жарияланған.

Ал №143 жалпы орта білім беретін мектепке қатысты жағдайға ерекше назар аударған жөн.

2026 жылғы 29 қазанда білім басқармасы аталған мектептің жаңа басшысын іздеу туралы хабарландыру жариялады. Алайда қолда бар ақпарат бойынша, бұрынғы директор сот арқылы өзін жұмыстан босату туралы шешімді заңсыз деп танытқан.

Егер сот шешімі заңды күшіне енген болса, онда білім басқармасының бұл лауазымға қайта конкурс жариялауына қандай құқықтық негіз болғаны туралы сұрақ туындайды. Әсіресе, ведомство сот шешімі туралы қашан хабардар болғанын және кадрлық шешім қабылдау кезінде оны қалай ескергенін анықтау маңызды.

Бұл жағдай да білім басқармасы тарапынан жеке ресми түсініктемені қажет етеді.

Сонымен бірге конкурсқа қайта хабарландырудың өзі заң бұзушылықты білдірмейтінін ескеру керек. Заңнамада алдыңғы іріктеу белгіленген негіздер бойынша өтпеді деп танылған жағдайда конкурсты қайта өткізуге жол беріледі.

Алайда мұнда басқа мәселе туындайды: неліктен конкурстардың нәтижелері, тағайындалған басшылар және іріктеудің қайта өткізілу себептері туралы ақпарат жұртшылыққа жүйеленген әрі қолжетімді түрде ұсынылмайды?

Аталған мектептердің директорлары кімдер болып тағайындалды? Қандай конкурстар жеңімпаздарды анықтаумен аяқталды, ал қайсысы өтпеді деп танылды? Неліктен кейбір лауазымдар әлі күнге дейін бос тұр?

Бұл сұрақтарға берілетін жауаптар қаладағы кадр саясатының ашықтығын бағалау үшін аса маңызды.

НЕГЕ БІР МЕКТЕПТЕ КОНКУРС ЖЕДЕЛ ӨТКІЗІЛЕДІ, АЛ ЕКІНШІСІНДЕ ҰЗАҚҚА СОЗЫЛАДЫ?

Қолда бар мәліметтерді салыстыру басшылық лауазымдарын толтыруда бірыңғай тәсілдің сақталмай отырғанын аңғартады.

Бір білім беру ұйымында директор қызметі босағаннан кейін конкурс дереу жарияланады. Ал басқа мектептерде бос орын ұзақ уақыт бойы сақталып, конкурстық рәсімнің басталғаны туралы ашық ақпарат болмайды.

Сонымен қатар тұрақты басшысы тағайындалмаған мектептердің арасында уақытша басқару міндеті білім басқармасының әдістемелік бөлім қызметкерлеріне жүктелген білім беру ұйымдары да бар.

Әрине, мұндай сәйкестіктің өзі іріктеп қарау тәсілінің қолданылғанын, конкурстық рәсімдерді әдейі айналып өту немесе жекелеген тұлғаларға негізсіз артықшылық беру фактісін дәлелдемейді.

Алайда бұл жағдай ведомствоның кадрлық жұмысына қатысты нақты сұрақтар туындатады.

Конкурстарды өткізу кезектілігін кім анықтайды? Мерзімдердегі айырмашылықтар немен байланысты? Неліктен кейбір бос лауазымдар жедел түрде ашық конкурсқа шығарылса, енді біреулері ұзақ уақыт бойы уақытша басқару тәртібінде қалып отыр?

Конкурстық іріктеу – жай ғана формальды рәсім емес. Бұл кадрлық шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және басшылық лауазымдарға үміткерлердің тең қолжетімділігін қалыптастыруға бағытталған заңды тетік.

Сондықтан қоғам қаладағы барлық мемлекеттік мектеп директорларын тағайындау кезінде бірыңғай әрі түсінікті тәсілдің қолданылуын талап етуге құқылы.

Шымкент қаласының прокуратурасы да мемлекеттік мектеп директорларының міндетін уақытша атқарушыларды тағайындау және конкурстық рәсімдерді ұйымдастыру кезінде заң талаптарының сақталуына назар аударуы қажет.

Тексеруге негіз болған жағдайда, ол бос лауазымдардың пайда болған күндерін, уақытша тағайындау туралы бұйрықтарды, тағайындалған тұлғалардың біліктілігін растайтын құжаттарды, белгіленген мерзімдердің сақталуын және өткізілген конкурстардың нәтижелерін қамтуы тиіс.

УАҚЫТША БАСҚАРУ ТҰРАҚТЫ ТӘЖІРИБЕГЕ АЙНАЛМАУЫ КЕРЕК

Мемлекеттік мектеп директоры – жай ғана әкімшілік қызмет емес. Оның шешімдеріне оқу процесінің ұйымдастырылуы, кадр саясаты, қаржы-шаруашылық қызметі, оқушылардың қауіпсіздігі және ата-аналармен байланыс тікелей тәуелді.

Әр білім беру ұйымының артында жүздеген, кейде мыңдаған бала, педагогикалық ұжым және мектептің тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуіне мүдделі отбасылар тұр.

Сондықтан тұрақты басшының ұзақ уақыт бойы болмауын тек білім басқармасының ішкі кадрлық мәселесі ретінде қарастыруға болмайды. Бұл – заң талаптарының сақталуы, мемлекеттік рәсімдердің ашықтығы және басқарушылық жауапкершілік мәселесі.

Егер нормативтік актілерде конкурс өткізу мен міндетті уақытша атқару мерзімдері белгіленсе, олар міндетті түрде сақталуы тиіс. Ал егер ведомство арнайы құқықтық негіздерге немесе заңда көзделген ерекшеліктерге сүйенсе, қоғамға тиісті түсініктеме берілуі қажет.

Шымкент мектептеріне айлар бойы уақытша тағайындаулар жалғасып, кадрлық шешімдерге қатысты сұрақтар жауапсыз қалатын белгісіздік емес, тұрақты басқару жүйесі қажет.

Басты мәселе – жекелеген мектептерде неліктен әлі күнге дейін тұрақты директор жоқ екенінде ғана емес. Шымкентте кадрлық шешімдер қандай бірыңғай қағидалар бойынша қабылданады, олардың сақталуын кім бақылайды және конкурстар мен олардың нәтижелері туралы ақпарат неліктен әрдайым көпшілікке қолжетімді емес деген сұрақтарға жауап табу маңызды.

Бұл сұрақтарға тек журналистер ғана емес, ата-аналар, педагогтер мен қала тұрғындары да жауап алуы тиіс.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Ж.Сүлейменов атындағы №70 жалпы білім беретін мектеп коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2 «А» сынып оқушыларына «Әдебиеттік оқу» пәнінен ашық сабақ өткізілді.

КЕНТАУДА ҚАЛА КҮНІНЕ ОРАЙ ТЕННИСТЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АШЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

Aspan info

БИДАЙ ҚЫСҚАРАДЫ, ЖЕМШӨП КӨБЕЙЕДІ: 2026 ЖЫЛЫ НЕ ЕГЕМІЗ

Aspan info

Пікір қалдырыңыз