aspan Ақпарат Бизнес Жаңалықтар Қоғам Саясат Технология Түркістан Экономика

ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ЖАҢА МАЙ ЗАУЫТЫ МЕН ЛОГИСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Түркістан облысы Арыс қаласында «MEGA-AGAT АГРО» ЖШС тарапынан ауыл шаруашылығын терең өңдеу, өнімдерді сақтау және логистика бағытында бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Арыс қаласына іссапар барысында өндіріс орындарының құрылыс алаңында болып, жобалармен танысты.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау және логистика бағытындағы жобалар өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін күшейтуде маңызды рөл атқарады. Біз үшін инвестиция көлемімен қатар, өндірістің нақты іске қосылуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және жергілікті өнімнің қосылған құнын арттыруы маңызды. Сондықтан әрбір жобаның жүзеге асырылу барысы тұрақты бақылауда болуы тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Компания Арыстағы 9 гектар аумақта күнбағыс, мақта және мақсары майын өндіретін зауыттың құрылысын жүргізуде. Инвестициялық құны – 11 млрд теңге. Өндіріс орны тәулігіне 500 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Жоба аясында 150 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Зауыттың құрылысы былтыр басталып, келесі жылы іске қосылады деп жоспарлануда.
Бұдан бөлек, «MEGA-AGAT АГРО» ЖШС 1 гектар жерде автомобиль және теміржол арқылы тікелей қоссылған бағыттар бойынша жүктерді ауыстырып тиеу орталығының құрылысын жүргізуде. Жобаның іске асырылу мерзімі 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Инвестициялық құны – 200 млн теңге. Нысан тәулігіне 2 мың тоннаға дейін жүк қабылдауға қауқарлы. Жоба іске қосылғанда 10 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жоба автомобиль және теміржол көлігі арқылы жүк тасымалын тиімді ұйымдастырып, өңірдің логистикалық мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Былтыр аталған компания бұршақ дақылдарын сақтауға арналған қойманы іске қосты. Қойма бір мезетте 6 мың тоннаға дейін өнім сақтауға мүмкіндік береді. Жоба аясында 10 жұмыс орны құрылды. Ал биыл тауарларды сақтауға арналған қойманы, яғни құрғақ портты іске қосу жоспарлануда. Жобаға 2 гектар жер телімі қарастырылып, 1 млрд теңге инвестиция бағытталды. Нысан іске қосылғанда 10 адам жұмыспен қамтылады. Келесі жылы астық және силос сақтауға арналған қойманы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Инвестициялық құны 1,5 млрд теңгені құрайтын нысан 2 гектар жерде орналасады. Қойманың жылдық сақтау қуаттылығы 60 мың тоннаға дейін жетпек. Жоба іске қосылғанда 10 жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ инвестор осы жылы 1,5 гектар жерде асыл тұқымды жылқыларды өсіруге арналған кешенді іске қосуды көздеп отыр. Мұнда 30 басқа дейін асыл тұқымды жылқы өсіру жоспарланған.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі жауапты басшыларға инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын жалғастырып, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Жалпы аталған жобалар Арыс қаласының ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сақтау және логистикалық қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ШЫМКЕНТТЕ «ОРДАБАСЫ» – «ЕРТІС» ОЙЫНЫ ҚАРСАҢЫНДА АУҚЫМДЫ КОНЦЕРТ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Aspan info

Тоқаев күзде Түрікменстанға барады

Астанада және жеті облыста тұман, жел, қар: дауылды ескерту жарияланды

Пікір қалдырыңыз