aspan Ақпарат Әлем жаңалықтары Әлем жаңалықтары Жаңалықтар Қоғам Саясат шоу бизнес Шымкент

ҰЛЫЛЫҚТЫҢ БАСЫНДА ҰСТАЗ ТҰРАР МӘҢГІЛІК

Ұстаз – ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын, жас ұрпаққа білім мен тағылым беретін қасиетті мамандық иесі. Оның еңбегі – ел болашағына салынған ең маңызды инвестициялардың бірі. Осы орайда Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде 1 қазан – Жоғары білім қызметкерлері күніне арналған салтанатты мерекелік жиын өтті.

Ұстаз еңбегін ұлықтап, жоғары білім беру саласында табанды еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылған шараға Шымкент қалалық мәслихатының депутаты А. Елшиева, Жастар ресурстық орталығының басшысы Ж. Жұман, Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының Мәдени даму, спорт және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Е. Әбіл, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, білім алушы жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Салтанатты жиында жоғары білім мен ғылымды дамытуға елеулі үлес қосып жүрген ұстаздардың еңбегі ерекше аталып өтті. Білім алушы жастарға сапалы білім беріп қана қоймай, олардың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына бағыт-бағдар беріп жүрген оқытушылардың еңбегі – қоғамның тұрақты дамуының маңызды негізі.

Шара барысында кәсіби біліктілігімен, педагогикалық ізденісімен және білім беру саласындағы нәтижелі еңбегімен ерекшеленген бірқатар профессор-оқытушылар қауымы марапат төрінен көрінді. Ұстаздарға Құрмет грамоталары, облыстық және қалалық әкімдіктердің Алғыс хаттары, сондай-ақ университет ректорының Алғыс хаттары табысталды.

Марапаттау рәсімі – ұстаз еңбегіне көрсетілген құрметтің ғана емес, білім мен ғылымды дамыту жолындағы қажырлы қызметтің қоғам тарапынан жоғары бағаланатынының айқын көрінісі. Әрбір марапаттың артында жылдар бойғы ізденіс, шәкірт тәрбиесі, ғылыми-педагогикалық еңбек пен кәсіби жауапкершілік жатыр.

Мерекелік кештің мазмұнын университет өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарлама толықтыра түсті. Әсем әндер мен әсерлі шығармашылық қойылымдар көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, салтанатты шараның көркемдік мазмұнын аша түсті. Өнер мен білім тоғысқан кеш ұстаз мәртебесінің биіктігін тағы бір мәрте айшықтады.

Жоғары білім беру жүйесінің дамуы – елдің ғылыми, мәдени және экономикалық әлеуетімен тікелей байланысты. Ал осы жүйенің өзегінде білімді ұрпақ тәрбиелеп, кәсіби мамандар даярлайтын ұстаздар қауымы тұр. Университет қабырғасында қалыптасқан әрбір маманның жетістігінде оқытушының білімі мен еңбегі, тәлімі мен өнегесі бар.

Сондықтан Жоғары білім қызметкерлері күні – тек кәсіби мереке ғана емес, білім мен ғылым жолында еңбек етіп жүрген жандарға ризашылық білдіретін, ұстаз мәртебесін дәріптейтін айтулы күн.

Ұстаз еңбегі – уақытпен өлшенбейтін құндылық. Шәкіртінің жетістігімен жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа ұласатын ұстаз өнегесі елдің ертеңін қалыптастырады. Ұлы мақсаттың бастауында білім тұрса, білімнің бастауында әрдайым Ұстаз тұрады.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

В ШЫМКЕНТЕ УСТАНОВИЛИ НАТУРАЛЬНЫЕ ЕЛКИ И ОТКРЫЛИ ЛЕДОВЫЕ КАТКИ ПОД ОТКРЫТЫМ НЕБОМ

Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында

Ж.Сүлейменов атындағы №70 жалпы білім беретін мектеп коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2 «А» сынып оқушыларына «Әдебиеттік оқу» пәнінен ашық сабақ өткізілді.

Пікір қалдырыңыз