aspan Ақпарат Әлем жаңалықтары Әлем жаңалықтары Бизнес Жаңалықтар Технология Түркістан Экономика

ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ЗАУЫТТАР САЛЫНЫП ЖАТЫР

Түркістан облысында өңір басшысының тікелей қадағалауымен жаңа өндіріс орындарын іске қосуға бағытталған инвестициялық жобалардың құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек «Turan» арнайы экономикалық аймағындағы бірқатар нысанды аралап, жобалардың іске асу кезеңдерімен танысты. Оның ішінде, биыл іске қосылатын кәсіпорындардың жұмысын жіті бақылады. Жоба жетекшілерімен кездесіп, өндірістік нысандардың құрылыс қарқыны мен жобаларды белгіленген мерзімде іске қосу бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.
– Инвестициялық жобалардың әрқайсысы облыс экономикасы үшін маңызды. Сондықтан құрылыс жұмыстарын белгіленген кестеге сәйкес жүргізіп, инженерлік инфрақұрылымға қосылу және қажетті жабдықтарды орнату жұмыстарын жеделдету қажет, – деді Қанат Қайыпбек.
«Turan» арнайы экономикалық аймағында бірқатар өндіріс орындарының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Нақтырақ айтқанда, 20 гектар жерде «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-ның мақта иіру және джинсы маталарын өндіретін зауыты салынып жатыр. Мұнда екі қабатты жатақхана құрылысы аяқталған. Қазіргі таңда өндірістік цехтарда темір бағаналар орнату, шатыр жабындысын төсеу, ішкі қабырғаларды қалау және инженерлік желілерге қосу жұмыстары жүргізілуде.
«Eurasian Packing Materials» ЖШС скотчтың жартылай фабрикатын өндіретін зауыттың құрылысын іске асыруда. Кәсіпорын іске қосылғанда, 50 жаңа жұмыс орны ашылады. Жер көлемі – 1,97 гектар. Қазіргі уақытта темірбетон жұмыстары аяқталып, цехтарда темір бағаналарды орнату жұмыстары жүргізілуде.
Одан бөлек, бұл аймақта сэндвич-панельдер мен полиэтилен пленкаларын өндіретін зауыт, ауыл шаруашылығы техникасы мен жиынтықтауыштарын өндіретін және құрастыратын кәсіпорын, бір рет қолданылатын биологиялық ыдырайтын ыдыстар мен қаптамалар өндіретін зауыт, дизель-генераторлық қондырғылар шығаратын өндіріс орны бой көтеруде.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Түркістан қаласындағы Өндірістік парк аумағында болып, онда орналастырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысты.
Қанат Қайыпбек жауапты тұлғаларға өндірістік нысандардың құрылысын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау, инженерлік инфрақұрылымға қосу жұмыстарын жеделдету және жобаларды уақытылы іске қосу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ТОҚАЕВ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ МАМАН ТАПШЫЛЫҒЫН ЖОЮДЫ ТАПСЫРДЫ

ШЫМКЕНТТЕ УЛЫ ГАЗДАН УЛАНУДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

ПУТИН ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛЕДІ

Максим Сейтенов

Пікір қалдырыңыз