Шымкент қаласы әкімінің өкімімен Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы лауазымына Берік Тастанбекұлы Дүйсенов тағайындалды.
Берік Тастанбекұлы 1978 жылғы 7 қыркүйекте бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары.
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін, Академиялық инновациялық университетін және М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған. Мамандығы бойынша біліктілігі – құқықтану, мемлекеттік және жергілікті басқару, құрылыс.
Еңбек жолын 2000 жылы Ақтөбе қалалық прокуратурасында сот қаулыларының заңдылығын қадағалау және атқарушылық іс жүргізу бөлімінің прокуроры болып бастаған.
2004–2009 жылдары түрлі коммерциялық құрылымдарда, атап айтқанда «Кит Со», «Отау Строй», «Корпорация Бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде заңгер қызметін атқарған.
2009–2010 жылдары Түркістан қаласы әкімі аппаратының заң бөлімінің меңгерушісі болды.
2010–2013 жылдары Түркістан және Шымкент қалалары әкімдері аппараттарының басшысы қызметін атқарды.
2013–2016 жылдары «Сәулет-Бетон» ЖШС-нің бас директоры болды.
2016–2017 жылдары Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
2017 жылы Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы болды.
2017–2020 жылдары Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының орынбасары, кейін басшысы қызметтерін атқарды.
2020 жылы «Сәулет-Бетон» ЖШС-нің директор кеңесшісі болды.
2020–2025 жылдары Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы қызметін атқарды.
2025 жылдың мамыр айынан бастап осы уақытқа дейін «Аялдама Қызмет» ЖШС директорының кеңесшісі қызметін атқарып келді.
