Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жалғасуда. Қала тұрғындары тазалыққа ерекше мән беріп, тұрмыстық қалдықтарды арнайы жәшіктерге тастау мәдениетін қалыптастыра бастағаны байқалады. Бұл – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі.
Осындай бастамалардың бірі Аймақтық инновациялық университетте өтті. Университет ұжымы мен қалалық Жастар саясаты басқармасы бірлесіп ұйымдастырған кездесуге қоршаған ортаны қорғау мәселесіне бейжай қарамайтын білім алушылар қатысты.
Жиынға MOO ASAA ұйымының президенті, UNICEF-тің оңтүстік өңір бойынша координаторы Данара Саранова арнайы қонақ ретінде шақырылды. Ол қатысушыларға ASAA ұйымының қызметі, волонтерлік қозғалыстың қоғамдағы рөлі және жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған жобалар туралы баяндады.
Спикердің айтуынша, ASAA ұйымы 2011 жылдан бері жұмыс істеп, еліміздің әр өңірінде жүздеген әлеуметтік және экологиялық жобаларды жүзеге асырған. Ұйымның басты мақсаты – жастарды қоғамдық бастамаларға тарту, қоғамға пайдалы жобаларды жүзеге асыру және волонтерлік мәдениетті дамыту.
– Волонтерлік ұйымдар жастардың қоғамдық жұмыстарға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге де үлес қосады. Бұл бағытта қоршаған ортаны қорғау, азаматтардың денсаулығын сақтау, спортты дамыту және әлеуметтік қолдауды күшейту сияқты жобалар жүзеге асырылып келеді, – деді Данара Саранова.
