aspan

ЕРТЕ ДИАГНОСТИКА – БАЛАНЫҢ ӨМІРІН САҚТАЙТЫН ШЕШІМ

Қазақстанда туа біткен жүрек ақауларын кеш анықтаудың негізгі себептерінің бірі – ата-аналардың жеткілікті деңгейде хабардар болмауы және диагностиканың барлық өңірде бірдей қолжетімді еместігі. Мамандардың айтуынша, дәл осы факторлар аурудың асқынып кетуіне әкеліп отыр.
Қазіргі заманғы пренатальды скрининг әдістері жүктіліктің 18–21 аптасында ауыр туа біткен ақаулардың 85 пайызын анықтауға мүмкіндік береді. Әсіресе екінші триместрде жүргізілетін фетальды эхокардиография күрделі жүрек ақауларын ерте кезеңде анықтауда шешуші рөл атқарады. Бұл зерттеу Фалло тетрадасы, ірі тамырлардың транспозициясы, жүрек бөлімдерінің гипоплазиясы секілді өмірге қауіп төндіретін патологияларды алдын ала анықтауға жол ашады.
Ерте қойылған диагноз ата-аналарға босануға дайындалуға, қажетті медициналық орталықты таңдауға және кей жағдайларда баланың дүниеге келген сәтінен бастап емдеуді бастауға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанда жаңа туған сәбилерге, оның ішінде төмен салмақпен туған балаларға да кардиохирургиялық ота жасауға қажетті барлық заманауи технологиялар қолжетімді.
Мамандардың айтуынша, көп жағдайда операция өмірдің алғашқы айларында жасалады. Бұл баланың қалыпты дамып, алаңсыз өсуіне үлкен мүмкіндік береді. Емдеу тактикасы әрбір науқасқа жеке қарастырылғанымен, күрделі туа біткен жүрек ақауларын түзетуде хирургиялық араласу әлі де негізгі әрі ең тиімді әдіс болып қала береді.
Сонымен қатар, ата-аналар мен медицина мамандарының білімін арттыруға бағытталған бастамалар да қолға алынуда. Heart Center Foundation ұйымдастыратын Пациенттер мектебі аясында ата-аналарға арналған ақпараттық кездесулер мен дәрігерлер үшін практикалық шеберлік сабақтары өткізіледі. Шымкент қаласы мен Түркістан облысында өткен мұндай кездесулерге шамамен 100 қатысушы – ата-аналар мен балалар дәрігерлері жиналған.
Бағдарлама педиатрлар, неонатологтар және функционалды диагностика дәрігерлерін ерте диагностика жүргізу, соның ішінде эхокардиография жасау және пациенттерді дер кезінде бағыттау мәселелері бойынша оқытуды қамтиды. Ал UMC Жүрек орталығының жетекші дәрігерлері тәжірибе бөлісіп, нақты уақыт режимінде оқыту жүргізуде.
Мұндай ынтымақтастық өңірлерде жоғары деңгейдегі сараптамалық көмекті қолжетімді етіп, балалардың өмірін сақтауға жол ашады.
Бұл туралы бүгін, UMC Жүрек орталығының маманы, балалар кардиологы Айкерім Жанатқызы және Шымкент қаласының бас штаттан тыс кардиологы Қалдыбаева Раушан Нұржамалқызы мәлімдеді.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫЛАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ БӘЙГЕСІНДЕ ҮЗДІК АТАНДЫ

АРЫСТАН ЖҮРЕКТІ ТӘШЕНОВ ЕДІ…

БІР ТОП БҰЗАҚЫ ЕР АДАМДЫ АЯУСЫЗ ҰРЫП-СОҚҚАН

Aspan info

Пікір қалдырыңыз