Түркістан облысында «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы өтіп жатыр. Оған отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысуда. Маңызды шара барысында көрме ұйымдастырылып, келушілер мен инвесторлар назарына өңірдің қолөнер бұйымдары, туристік нысандары мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі таныстырылды. Сонымен қатар облыста іске асып жатқан инвестициялық жобалар легі ұсынылды.
Бұл форумның мақсаты – аймақтың инвестициялық және туристік әлеуетін ілгерілету, өңір экономикасын әртараптандыру бағытында инвестиция тарту, шетелдік жетекші компанияларымен іскерлік байланыстарды нығайту мен өндіріс орындарын көбейту.Форум аясында «Түркістан – Қазақстанның жаңа инвестициялық циклінің драйвері» тақыбырында мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, форумға қатысушыларға ерекше ықыласын білдірді.
Форум барысында G2B және B2B келіссөздер, панельдік пікірталастар өтіп, аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру және Түркістанның халықаралық әріптестіктегі стратегиялық рөлін нығайту шаралары талқыланды. Халықаралық форумда Түркістан облысы әкімдігі мен әлемнің көшбасшы компаниялары арасында бірлескен инвестжобаларды іске асыру бойынша меморандумдарға қол қойылады.
Айта кетейік, биыл жыл басынан бері 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесулер өтіп, ҚХР, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырылды. Облыстың негізгі капиталына 10 айдың қорытындысымен 1 178,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Ал шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Жалпы облыста 2025-2028 жылдар аралығында 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
