aspan

АППАРАТ БАСШЫСЫ БІРҚАТАР ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫС БАРЫСЫН БАҚЫЛАДЫ

Түркістан қаласында бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс барысы қатаң бақылауға алынған. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев облыс орталығында салынып жатқан бірқатар әлеуметтік нысанның құрылыс алаңында болып, жұмыс барысын бақылады.

Алдымен Түркістандағы мемлекеттік мекемеге арналған әкімшілік ғимаратының құрылыс алаңын аралап, жұмыс сапасын тексерді. Мердігермен кездесіп, бірқатар тапсырма жүктеді. Нысан құрлысын «Ернур строй и К» ЖШС 2023 жылдың қазан айында бастаған. Құрылыс жұмыстары кестеге сай, қызу жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылым толық тартылған. Қазіргі таңда есік орнату, абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа 70-тен астам жұмысшы, 5 техника жұмылдырылған. Ғимаратты жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделуде. Сонымен қатар Түркістан қаласындағы 1,56 гектар аумақта 60 төсек-орындық балалар оңалту орталығы салынуда. Жоба «Turkistan international airport» ЖШС демеушілігімен іске асып жатыр. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, барлық медициналық қондырғылар орнатылды. Заман талабына сай бой көтерген орталықта балалардың ем алуына барлық қажетті жағдай қарастырылған. Нысан іске қосуға дайын. Ғимарат жақын арада ел игілігіне берілмек. Мұнда 80 жаңа жұмыс орны ашылады. Одан бөлек, Еркебұлан Дауылбаев облыс орталығында салынып жатқан атшабардың құрылыс жұмыстарын бақылады. Спорт нысаны халықаралық талапқа сай бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қазан айында басталған. Мердігер мекеме – «ВД Строй-инжинеринг» ЖШС. Жалпы аумағы – 99,3 гектар. Заманауи көпфункционалды кешенде 1500 жанкүйер сиятын трибуна, жылқыларға арналған жазғы және қысқы қоралар мен манеж қарастырылған. Атшабарда жылқыларды күтіп-ұстайтын орындар, ветеринарлық бекет, жем-шөп қоймасы, бәйге алаңы мен көкпар ойнайтын алаң бар. Жалпы ат спортын дамытуға барлық жағдай жасалады. Қазіргі уақытта атшабардың астыңғы дренажды қабаты толықтай төселіп, үстіңгі қабатына құм төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар құрал-жабдықтары орнатылуда. Құрылыс жұмыстарына 30-ға жуық адам жұмылдырылып, 19 техника тартылған. Нысан жыл соңына дейін ел игілігіне берілмек. Құрылыс нысандарын аралаған аппарат басшысы жауапты мердігер мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді. Құрылыс сапасы мен мерзімінің қатаң бақылауда болатынын атап өтіп, жұмысты уақтылы әрі талапқа сай аяқтауды тапсырды. Нысандардың сапасына қатысты бірқатар олқылықтарды анықтап, кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді.

 

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ӘЛЕМДІК КӨШБАСШЫ КОМПАНИЯ  ТОҢАЗЫТҚЫШ ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ АШТЫ

ТАЗА ТАБИҒАТ-ТАЗА БОЛАШАҚ

CASA, ТМК, БИДАЙ ЖӘНЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ МИССИЯ: ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚСТАН-АУҒАНСТАН БИЗНЕС-ФОРУМЫ МЕН АУҒАН ТАУАРЛАРЫНЫҢ КӨРМЕСІ БАСТАЛДЫ

Пікір қалдырыңыз