aspan

Кәсіпкерлерге корпоративті ипотекалық бағдарламалар таныстырылды

Кәсіпкерлерге корпоративті ипотекалық бағдарламалар таныстырылды

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында «Отбасы банкінің» корпоративті ипотекалық бағдарламалары таныстырылды. Жиынға Палата директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев, «Отбасы банкі» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев, банк қызметкерлері мен кәсіпкерлер қатысты.

«Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны баршаңызға белгілі. Қазіргі таңда жұмысшы мамандардың жағдайын жақсартуға, беделін арттыруға бағытталған көптеген іс-шара қолға алынды. Соның бірі – «Отбасы банкі» де компанияларға арналған корпоративті ипотекалық бағдарламаларды іске қосып отыр. Осы туралы банк өкілдерінің өздерінен толығырақ білейік», – деді Палата директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев.

«Отбасы банкі» АҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Еркін Ахыншаев алдымен көпшілікке банктегі депозиттер туралы мәлімет беріп, таныстырып өтті.

«Отбасы банкі» – маңызды «Ұлттық қор – балаларға» әлеуметтік жобасының уәкілетті операторының бірі. enpf-otbasy.kz платформасының көмегімен 2024 жылдан бері жасы 18-ге толған азаматтар Ұлттық қордан аударылған қаржыны тиісті мақсатқа жұмсай алады. Бағдарламаға қатысушылар жинақтарын білім алу және баспана жағдайын жақсарту мақсаттарына онлайн аудара алады. Сонымен қоса, банкімізде «Aqyl» депозиті бар. Онда Қазақстан азаматтары өз атына немесе баласының атына білім беру жинақтау салымын ашып, оны болашақта еліміздегі немесе шетелдегі кәсіби-техникалық және жоғары білім алуға жұмсауына болады», – деді Еркін Ахыншаев.

Банк өкілдерінің айтуынша, бұл салым бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 3 жылға – 12 пайызды, ал 5 жылға 9,5 пайызды құрайды. Оған қоса жыл сайын мемлекет тарапынан халықтың санатына қарай 5 немесе 7 пайыз мемлекеттік сыйақы беріледі.

Банк филиалының директоры Дәурен Саудабаев «Отбасы банкі» ұсынатын корпоративтік бағдарламаларды таныстырды.

«Ең негізгі бағдарлама – «Корпоративті» өнімі. Ол бойынша компания банкке қарыз беріп, сол сомаға банктің құнды қағаздарын сатып алады. Бұл тұста банк несие төлеушінің қарызды өтеуіне қарамастан қарызды 8 жылдың ішінде 100 пайыз қайтарады, яғни, соңында өз құнды қағаздарын кері сатып алады. Осы қаржыға банк компания қызметкеріне ипотекалық несие ұсынады. Оның сыйақы мөлшерлемесі – 5 пайыз. Бұл өнімнің артықшылығы – компанияда үздік кадрларды ұстап қалу мүмкіндігі болады, ал жұмысшыға аралық тұрғын үй қарызын алу үшін 6 ай күтудің қажеті жоқ. Сонымен қатар компания өз иелігіндегі, банк талабына сай келетін баспаналарды жұмысшыларына банк арқылы кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға да бере алады», – деді банк филиалының директоры Дәурен Саудабаев.

Жиын барысында «Отбасы банкінің» басқа да өнімдері мен бағдарламалары туралы кеңінен мәлімет берілді. Жиналғандар сұрақтарын қойып, банк өкілдерінің жауабын алды.

Related posts

Шымкент ҮШІНШІ МЕГА ҚАЛА КЕЛДІ

ҚАЛА ӘКІМІ ТАРИХИ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКЕН СПОРТШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

«Байдың тойында шулаған елді өзіне ұйытып әкетті»: танымал асаба Тамара Асар жайлы естелікпен бөлісті

Leave a Comment