aspan

Алматыда жазушы Еркінбай Әкімқұловтың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды

Бүгін, 14 қарашада Алматыда көрнекті қазақ жазушысы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі Еркінбай Әкімқұловтың құрметіне орай мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.Ескерткіш тақта 1994-2019 жылдары жазушы тұрған үйдің қабырғасына, яғни Төлебаев көшесіндегі 187 үйге орнатылды.

Іс-шарада айтулы тұлғаның туыстары мен жақындары, сондай-ақ Алматы қаласы Мәдеиет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, Қазақстан Журналистер одағы қалалық филиалының директоры Әсет Матаев, “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, мемлекет және қоғам қайраткерлер мен жазушылар төбе көрсетті.

“Өмір болғаннан кейін оның басы мен аяғы болады. Ал мағыналы өмір ешқашан өлмейді. Міне, Еркінбай ағамыз да мағыналы өмір сүрген азаматтардан еді. Бүгінде артында қалған еңбегі мен ұрпағының арқасында ағамыздың тегі өшпегенін көріп отырмыз. Оның жазған кітаптары мен жасаған еңбектері Жазушылар одағының мүшесі ғана емес, журналистика саласына да қыруар еңбегі сіңгенін көрсетеді. Тіпті, ағамыздың партияда да қызмет еткені көпшілікке аян. Енді тау тұлғаның есімі Алматының кіндігі саналған Төлебаев көшесінде жарқырап тұратын болады. Осы тұста, баршаңызға алғыс айтқым келеді. Бұл комиссия қала әкімдігінің бастамасы ғана емес, сондай-ақ елдің зиялы қауым өкілдері мүшелік ететін комиссияның да шешімі болды. Бүгін осы мемориалдық тақтаның ашылу салтанатының куәсі болып отырмыз. Қала жұртшылығын айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын”, - деп атап өтті Алматы қаласы Мәдеиет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Сонымен қатар шара барысында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов та сөз сөйледі.
“Еркінбай аға жайында бір мәселені ерекше баса айтқан жөн деп ойлаймын. Бұл кісі — тағдырлы жазушы. Жазушы болуы үшін оған күрделі тағдыр керек деген тәмсіл сөз бар. Оның туған жылына назар салсаңыздар 1937 жыл, яғни Қазақстанда атақты нәубет болып жатқан кез, қуғын-сүргін белең алып тұрған уақыт. Ал балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғыстың өртіне өртенді. Соғыстан кейінгі жағдай да сіздерге мәлім. Жастық шағы соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру сияқты ауыр жылдармен жалғасын тапты. Міне, ол осы тағдырға қарамастан, ағысқа қарсы жүзе отырып, өз тағдырын өзі жасаған жазушы”, - деп қосты ол.

Айта кетейік, Еркінбай Әкімқұлов 1937 жылы 4 қыркүйекте Түркістан облысында дүниеге келді. Ол түрлі жанрдағы 20-дан астам көркем шығарманың авторы. Оның қатарында “Өзбекәлі Жәнібеков” өмірбаяндық романы, 2013 жылы Қазақстан Жазушылар одағы ҚР мемлекеттік сыйлығына ұсынылған “Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы” роман-эссесі бар. Е.Әкімқұловтың аудармашылық тәжірибесі бар, радио мен театрға бірнеше пьесалар жазған.

Е.Әкімқұлов еңбек жолын “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газетінде тілші болып бастаған, кейін Алматы қалалық партия комитетінде, “Жалын”, “Жазушы”, “Рауан” аспаларында, “Кітап” жаршысы” (“Друг читателя”) газетінде жауапты қызметтер атқарған.

Related posts

Абай облысындағы орман өртіне байланысты қылмыстық іс қозғалды

Мектеп оқушыларына сабақта смартфон пайдалануға тыйым салынады: заңға қол қойылды

ШЫМКЕНТ: аппарат басшысы тағайындалды

Leave a Comment