aspan

198,5 мың адам МӘСҚ-тен жұмысынан айырылуына байланысты төлем алды

Төлемдердің жалпы сомасы 46,5 млрд теңге болды. 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 198,5 мың адамды құрады. Бұл ретте биыл 148,9 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:

— eGov.kz порталында авторизациялану;

— «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;

— онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;

— бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (бұдан әрі – МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;

— егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);

Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.

Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.

Related posts

Қазақстан уақыт жағынан Мальдив пен Амстердаммен тең болады

Жетісудан инвесторларға 3 жыл бойы жер берілмеді

«Сізді тұңғиыққа ұшып бара жатқандай сезінесіз». Алматыдағы люктермен не болып жатыр

Leave a Comment