Ақпарат

Түркістан облысының бірқатар ауылы таратылғалы жатыр

Қазақстанда тұрғындары ең тығыз орналасқан өңір неге мұндай қадамға барды?

Түркістан облысының басшылығы тосын тақырыптағы Түркістан облысы әкімдігінің қаулысы мен Түркістан облыстық мәслихат шешімінің жобасын жария етті. Ол «Түркістан облысының бірқатар елді мекендерін тарату туралы» деп аталады.

Құжатты Түркістан облысының Жер қатынастары басқармасы әзірлеген екен. Ол бұл қаулыға аудандық әкімдер мен мәслихаттардың шешімдері негіз болғанын алға тартты.

«Проблеманың болу фактісін растайтын және оның ауқымын көрсететін деректер жоқ», – деп қысқа қайырды Жер қатынастары басқармасы реттегіш құралдардың реттеушілік әсерін талдау нәтижелері бойынша талдамалық нысанында.

Облыс әкімдігі болса, қалаған ауылды таратуға құқығы барына назар аудартты.

«Жалпы, «ҚР әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» заңының 11-бабының 3-тармағына сәйкес, облыстық өкілді және атқарушы органдардың өкілеттіктеріне аудандық не облыстық маңызы бар қаланың әкімдігі мен мәслихатының пiкiрiн ескере отырып, қала емес елдi мекендердi осы заңмен белгiленген басқа елдi мекендердiң категорияларына жатқызу; кенттердi, ауылдарды, ауылдық округтердi құру, тарату және қайта құру, сондай-ақ олардың бағыныстылығын өзгерту кіреді», – деді Түркістан облысының әкімдігі.

Сонымен, Түркістан өңірінде:

·      Мақтаарал ауданындағы Жаңажол ауылдық округіне қарасты «Найман Бұхарбай» ауылын;

·      Шардара ауданының Жаушықұм ауылдық округіне қарасты «Бағыскөл» ауылын» жою ұсынылып отыр.

Әкімдіктің дерегінше, Найман Бұхарбай ауылын тарату туралы ұсыныс Мақтаарал ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 4 мамырдағы №318/1 қаулысында және Мақтаарал аудандық мәслихатының 2024 жылғы 4 мамырдағы №16-109-VIII шешімінде қарастырылды.

«Бағыскөл елді мекенін тарату және оны статистикалық есепті дерекқордан шығару туралы» ұсыныс Шардара ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 29 ақпандағы №77 қаулысында және Шардара аудандық мәслихатының 2024 жылғы 28 ақпандағы №20-95-VIII шешімінде көзделген.

Төменгі деңгейдегі әкімдер мен мәслихаттардың шешімі белгіленген осы құжаттар енді түбегейлі бекітуі үшін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қол қоюына ұсынылып отыр.

«Осыған байланысты, «Түркістан облысының бірқатар елді мекендерін тарату туралы» бірлескен Түркістан облысы әкімдігінің қаулысы мен Түркістан облыстық мәслихат шешімін бекіту қажет», – деп түсіндірді облыс әкімдігі.

Жалпы, халқы 2,5 миллионға жуықтаған ең ірі мегаполисіміз Алматы қаласын айтпағанда, тұрғындарының ең тығыз орналасуы тұрғысынан облыстар арасында Түркістан өңірі алдына қара салмайды: Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылғы 1 шілдеде оның жұртшылығының саны 2 150 796 адамға жетті.

Республикалық бюджеттен өткен онжылдықта триллиондап алған дотациялық демеуқаржысы жөнінен де Түркістан облысына ере алатын өңір жоқтың қасы.

Онда неге бұл өңірде ауылдар жабыла бастады? Әкімдіктер мен мәслихаттардың шешімдерінде оған қатысты түсініктеме берілмеген.

Дегенмен, таратылып жатқан екі ауылды біріктіретін бір фактор бар: екеуі де сапалы ауыз сумен қамтылмаған, газдалмаған, мектебі жоқ, деградацияланған елді мекендер саналады. Халқының негізгі бөлігі оларды тастап, көшіп кеткен.

Мысалы, Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаевтың мәліметінше, Шардара ауданындағы 25 елді мекеннің 18-і ауыз сумен қамтылған. Қалған 7-і елді мекен «экономикалық жағынан тиімсіз» болып танылыпты.

Бұларға – сөз болған Бағыскөл, сондай-ақ Қуанқұдық, Пішентөбе,  Құйған, Бозай, Бимырза, Шабырлы ауылдары жатады. Демек, қалған алтауына да таратылу қаупі төнуі мүмкін.

Ауыз су тұрғысынан бүкіл ауданның жағдайы мәз емес: тіпті Шардара қаласының тұрғындары ауыз суды Шардара су қоймасынан, яғни ашық көзден пайдаланады.

«Қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту үшін қажетті құжаттамалары дайын. Сараптама қорытындысы алынған. «Шардара топтық су құбырлары» (Тама-Тастанбек) құрылысын кезең-кезеңімен жүргізуді қолға аламын! Жоба құны 17 миллиард теңгені құрайды. Осы жобаның нәтижесінде ауданда орталықтандырылған құбыр суын тұтынатын халықтың үлесі 98%-ды құрайтын болады», – деп уәде етті Шардара ауданының әкімі биылғы сайлауалды бағдарламасында.

Сайланған әкім сөзінде тұра ма, әлде аты судан өтіп алған соң сөзін сөзбұйдаға салып, ұмытып кете ме, белгісіз. Оның үстіне облыстағылар бұл аудандағы «экономикалық жағынан тиімсіз» жеті ауылдың бәрін жауып тастап та, уәде етілген 98% межеге жақындай түсуі ғажап емес.

Айтқандай, бұл ауданда тұрғындары табиғи газбен қамтамасыз етілмеген ауылдардың ішінде де таратылып жатқан Бағыскөл бар. Аудан әкімдігі ол ауылға көгілдір отын енді ешқашан бармайтынын биылғы сәуірде жария етті.

«Шардара ауданы бойынша 25 елді мекеннің 9-ы және Шардара қаласындағы 9 шағынаудан табиғи газ жүйелерімен қамтылған. Бұл – аудан халқының 77%-ы. Бұл жерде 6 елді мекенді газдандыру экономикалық тұрғыда тиімсіз болып танылды. Ол қатарға – Бағыскөл, Арнасай, Пішентөбе, Бозай, Бимырза, Шабырлы енді», – делінген аудан әкімдігінің мәліметінде.

Осы жылдың соңына дейін Шардара қаласының 5 шағынауданы және 2 ауылдық округтегі 3 ауыл табиғи газбен қамтылатын болады. Олардың арасында «кері кеткен» 6 елді мекен жоқ.

Сондай-ақ Мақтаарал ауданында таратылып жатқан Найман Бұхарбай ауылы кеңес заманында шалғайда мал бағушы шопан-бақташыларды керек-жарақпен, ауыл шаруашылығы техникасымен орталықтандырылған түрде қамту үшін құрылыпты. Бүгінде онда 11 үй ғана қалған көрінеді.

Найман Бұхарбай ауылы өзінің аудан орталығы Мырзакент кентінен – 240 шақырым шалғайда, Шардара қаласынан – 140 шақырым қашықтықта орналасқан. Тарихқа жүгінсек, 1976 жылы Мақтаарал ауданының аумағындағы жердің барлығы игеріліп қойылғандықтан, қазіргі Шардара ауданының аумағынан мал жайылымы үшін мақтааралдықтарға қиянда арнайы жер бөлінеді. Осылайша, Найман Бұхарбай ауылының негізі қаланған.

Мақтаарал ауданының қазіргі әкімі Бақыт Асанов соңғы рет Найман Бұхарбайда жұмыс сапарымен қанды қаңтарға дейін, 2021 жылғы қаңтарда болыпты. Сонда әкім жергілікті малшылар мен шопандардың жағдайымен танысты, ауыл балаларына жаңажылдық сыйлығын өз қолымен табыстады.

«Қазіргі таңда мұнда 11 шақты үй бар. Осы үйлер 5 мыңнан аса ірілі-ұсақты мал бағады. Малдарды суғару үшін 45 құдық қазылған. Бақыт Насырханұлы әрбір үйдің иесімен кездесіп, хал-ахуалын сұрасты. Талап-тілектерін тыңдап, ауылдағы әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымның жағдайымен танысты», – деп хабарлады сонда аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұл ауылда 1 ғана медициналық пункт жұмыс жасайтын. Онда маман тұрақтамаған көрінеді. Ескі мектептің ғимараты болғанымен, мұнда білім беру мүлде тоқтатылған: педагог жоқ.

2021 жылғы сапары кезінде аудан басшысы жағдайды саралай келе, тұрғындарға медициналық пунктті жөндеуден өткізіп, мектепті іске қосуға уәде етті. Тіпті олардың алдында жауапты басшыларға нақты тапсырма берді. Бірақ енді бұл ауылды тарату туралы шешім қабылданып жатыр.

Айта кетейік, Найман Бұхарбай ауылы жапан түзде орналасқанымен, ит байласа тұрғысыз қаңыраған қу медиен мекен, сахара шөл емес: жері түгін тартса майы шығатын шүйгін де шұрайлы. Мал бағуға өте тиімді. Қысы анағұрлым жылы. Суды құдықтан тартып ішеді. Шенділер ден қойғанда, ұялы байланысты, интернетті Starlink сияқты жаһандық жүйелер арқылы қамтамасыз етуге болатын еді. Мектеп ашып, педагог іздемей, балалар қашықтан оқи алатын еді. Бірақ Батыстың осы және басқа спутниктік жүйелерін жеке тұлғалардың пайдалануына Қазақстанда рұқсат етілмейді.

Қалай болғанда ауыл тұрғындары қомақты пайдаға кенелтіп келген ауыл шаруашылығы кәсіптерінен айрылып қалмау үшін ұзақ жылдан бері ол жерден көшіп кетуге қарсыласып келді. Бүгінде шенділер оларға басқа таңдау қалдырмағанға ұқсайды. Ауыл ресми таратылған соң олар мекенжайсыз адам атанып, таратылған ауыл жұртында құжатсыз қалады. Көшуден басқа амалы болмайды.

«Халқының саны өте аз болғандықтан және аудан орталығынан тым алыс орналасқандықтан, Найман Бұхарбай ауылын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі өте қиын», – деп дәйектеді Мақтаарал ауданының әкімдігі.

Related posts

ЕСЕПСІЗ ЖҰМСАЛҒАН  ҚАРАЖАТТЫҢ  СҰРАУЫН КІМ БЕРЕДІ?!

Куандыков Улан Ержанович Ux Директор

Қазақстан бюджеттің 17 пайызын қарызды өтеуге жұмсап отыр

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Leave a Comment