Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің президені Геннадий Головкин Нұрбек Оралбайды күміс жүлдегер атануымен құттықтады.
«Ұлттық Олимпиада комитеті мен жеке өз атымнан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайды шын жүректен құттықтаймын. Бүгін барша қазақстандық Сізбен бірге шаршы алаңда болды десек, артық емес. Олимпиаданың күміс жүлдесі – үлкен марапат. Сіз жанкүйер мақтанатындай жекпе-жек көрсеттіңіз. Сонымен қатар, Нұрбектің жеке бапкері Асқар Еркебаевты да құттықтаймын! Ол шәкіртін Олимпиада тұғырына алып келген мықты маман екені анық. Сіздердің алғашқы Олимпиадаларыңыз спорттық мансабыңыздың тек бастамасы болсын. Жеңісіміз арта берсін, еліміздің көк байрағы биікте желбірей берсін», — Геннадий Головкин.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін бокстан ерлер арасында 80 келі салмақта Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды деп хабарлайды KAZINFORM.
Ол финалда украиналық Александр Хижнякпен жұдырықтасып, жеңіліп қалды.
Айта кетсек, Париж Олимпиадасына бас бапкер Мырзағали Айтжанов жеті боксшы алып келген болатын. Өкінішке қарай, оның алтауы жарысты ерте аяқтады.
Ал әйелдер боксынан лицензия жеңіп алған үш боксшының екеуі алғашқы жекпе-жегінде жарыс жолын аяқтаса, тек олардың арасынан 50 келі салмақта Назым Қызайбай ғана ел үмітін ақтады. Ол ел қоржынына Олимпиада ойындарының үшінші қола жүлдесін сыйлаған еді.