2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап жаңа ЖОО студенттер қабылдай алады деп жоспарланып отыр.
Қазақстанда су шаруашылығы және ирригация университеті ашылады, деп жазады zakon.kz. Бұл туралы 2024 жылғы 15 шілдеде Үкіметтің баспасөз қызметінде айтылды. «Үкімет еліміздің су шаруашылығы саласына кадр даярлау шараларын қолға алуда. Тараз қаласында жаңадан құрылған су шаруашылығы және ирригация университеті өз жұмысын бастайды. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қол қойды»,-делінген ақпаратта. Биылғы сәуір айында ҚР Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Тараз гидромелиоративтік-құрылыс институтын тиісті материалдық-техникалық қамтамасыз ету арқылы қалпына келтіру шараларын қабылдауды тапсырған болатын. «Аталған міндетті іске асыру шеңберінде Үкімет «М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын қайта құру және оның негізінде екі ЖОО — «М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын («ТарУ» КеАҚ) және «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын («ҚазҰСШИУ» КеАҚ) құру туралы шешім қабылдады. Оқу орындары олардың жарғылық капиталдарына мемлекеттің жүз пайыз қатысуы арқылы құрылды».ҚР Үкіметі баспасөз қызметі ҚазҰСШИУ-дағы білім беру бағдарламалары: «Су шаруашылығы және мелиорация», «Геодезия және картография», «Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Сумен жабдықтаудың инженерлік жүйелері», «Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар». 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап жаңа ЖОО студенттер қабылдай алады деп жоспарланып отыр. «ҚазҰСШИУ-ға 2024-2025 жылдарға 245 орынға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының нысаналы квотасы (бакалавриатқа – 210, магистратураға – 20, докторантураға – 15) бөлінді. Білім беру цикліндегі жалпы контингент саны 4 000 білім алушыны құрайды».ҚР Үкіметі баспасөз қызметі «М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» КЕАҚ екі жоғары оқу орнына бөлінетіні туралы 2024 жылғы 10 маусымда белгілі болды.