Бүгін Шымкентте Наурыз мерекесіне арналған онкүндік аясында Ұлттық киім күні аталып өтуде. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүрген дизайнерлердің еңбегін халыққа кеңінен таныту мақсатында «Көрме» орталығында 3 номинация бойынша дефиле көрсетілді.
Онда дизайнерлердің балалар мен жасөспірімдер топтамалары, күнделікті және жұмысқа арналған киім үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Бүгінгі көрсетілімге 10-нан аса дизайнер қатысты, Н. Сүйірқұлова «Jansulu prinses» брендімен, Г. Бакирова «Алиша» коллекциясымен, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің жас дизайнерлері өз туындыларымен тәнті етті.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы іс-шараның мақсаты — қазақтың ұлттық киім үлгілерін көпшілікке насихаттап, заманауи стильде жаңғырту. Осы бағыттағы мамандардың туындыларын халыққа кеңінен насихаттау, сондай-ақ сән әлеміне жол ашу.
Қазақы киім үлгілерін ұлттық ою-өрнектер мен әшекейлер айшықтай түседі. Мұның барлығы да халқымыздың тарихының, пайым-парасатының, дүниетанымының көрінісі. Қай заманның да сән үлгісіне сай келетін ұлттық нақыштағы киімдер тек әсемедігімен ғана емес, күнделікті жүріп-тұруға ыңғайлылығымен де ерекшеленеді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі