Шымкент қаласында Жаңа жыл мерекесіне орай қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау, шаһардың эстетикалық келбетін көркейту мақсатында Әл-Фараби және Абай аудандарында ауқымды мерекелік безендіру жұмыстары жүзеге асырылмақ. Бұл жұмыстар қала көшелері мен қоғамдық кеңістіктерге ерекше сән беріп, Жаңа жылдық атмосфера қалыптастыруға бағытталған.
Әл-Фараби ауданында мерекелік безендіру шараларына жалпы көлемі 21,5 млн теңге қаржы қарастырылған. Аталған жұмыстарды «INNOVA BUILD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаратын болады. Аудан аумағында бірқатар маңызды нысандар мерекелік кейіпке енеді. Атап айтқанда, басты шырша орнатылып, «Арбат» демалыс аймағы, Әл-Фараби алаңы және Орыс драма театрының алды түрлі жарық элементтерімен безендіріледі. Арбат аумағында жаңа шырша тұрғызылып, жарықдиодты шамдар мен кіші сәулеттік пішіндер орналастырылады. Сонымен қатар, Орыс драма театрының алдындағы алаңда 2 кіші сәулеттік пішін, ал «Спутник» аллеясында 5 МАФ элементі қойылады. Бұдан бөлек, Бауыржан Момышұлы және Түркістан көшелері бойымен мерекелік жарықтандыру орнатылып, қала көркі одан әрі айшықтала түспек.
Абай ауданында да Жаңа жыл мерекесіне дайындық қызу жүргізіледі. Бұл ауданға мерекелік безендіру жұмыстары үшін 23,4 млн теңге бөлінген. Оның ішінде «ASB Constraction» ЖШС мердігер мекеме ретінде 16,4 млн теңгеге тиісті жұмыстарды атқарады. Аудан аумағында 4 кіші архитектуралық пішін, 5 перетяжка, 1 арка және бірнеше шырша орнатылып, барлығы заманауи жарықдиодты шамдармен безендірілмек. Сонымен қатар, алдыңғы жылдары пайдаланылған 3 шырша да қайта қолданысқа енгізіледі. «Наурыз» алаңында бас шырша мен МАФ элементтері, Бәйдібек би даңғылы бойындағы шыршалар, «Асар» аллеясы және Дендросаябақ алдындағы шыршалар мерекелік жарықпен көмкеріліп, аудан тұрғындарына ерекше шаттық сыйлайды.
Жалпы алғанда, аталған мерекелік безендіру жұмыстары Шымкент қаласының Жаңа жыл қарсаңындағы көркін арттырып, тұрғындар мен қонақтар үшін жайлы әрі әсерлі мерекелік орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
