Түркістан қаласында «Қаржылық қауіпсіздік: цифрландыру және жасанды интеллект дәуірі» атты өңіраралық форум аясында екі кезеңді AI-хакатон өтіп жатыр. Іс-шара 2026 жылғы 25–26 ақпан күндері Congress Hall алаңында офлайн форматта ұйымдастырылуда.
Хакатонды Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, Түркістан облысының әкімдігі және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бірлесіп ұйымдастырды.
Байқауға Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері қатысуда. Командалар 2–5 адамнан құралған. Әр командаға бір жетекшіге (мұғалім, оқытушы немесе ментор) рұқсат етіледі.
Жобалар бес бағыт бойынша ұсынылған. Атап айтқанда, Telegram платформасындағы заңсыз сатушыларды жасанды интеллект арқылы анықтау, лудоманияның алдын алу және ерте анықтау тетіктерін әзірлеу, мемлекеттік сатып алулардағы манипуляциялық техникалық ерекшеліктерді AI арқылы талдау, заңсыз интернет-ресурстарды (онлайн-казино, қаржылық пирамидалар, алаяқтық сайттар) мониторингтеу, сондай-ақ қаржылық алаяқтыққа, көлеңкелі схемалар мен тәуекелдерге қарсы еркін бағыттағы шешімдер.
Хакатон екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең — іріктеу кезеңі. Оның қорытындысы бойынша әр бағыттан үш командадан, барлығы 15 команда финалға өтеді. Финалдық кезең 26 ақпанда осы алаңда өтеді.
Жалпы жүлде қоры — 10 миллион теңге. Әр бағыт бойынша 2 миллион теңге көлемінде жүлде қарастырылған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның мақсаты — жастардың жасанды интеллект саласындағы практикалық дағдыларын дамыту және қаржылық қауіпсіздік бағытында тиімді цифрлық шешімдер ұсынуға мүмкіндік беру.
