Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы бірінші орынбасары, Өскемен қаласының экс-әкімі Жақсылық Омар сот үкімімен 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы «Адырна» агенттігі хабарлады.
Сот оны ірі көлемде алаяқтық жасау және пара алу деректері бойынша кінәлі деп таныды. Үкімге сәйкес, Омарға Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлімінің 1 және 2-тармақтары (ірі көлемдегі алаяқтық) және 366-бабы 3-бөлімінің 3-тармағы (ірі көлемде пара алу) бойынша айып тағылған.
Сот отырысында соңғы сөзін айтқан Жақсылық Омар өзіне тағылған айыптардың бір бөлігін жоққа шығарды. Ол ақша бопсалау фактісі болмағанын мәлімдеп, соттан жеңілдететін мән-жайларды ескеруді сұрады.
«Мен ақша бопсалаған жоқпын. Қорғаушыларым айтқан жағдайларды жеңілдететін жайт ретінде қарастыруыңызды сұраймын», – деді ол.
Сонымен қатар, бұрынғы әкім өзін бас бостандығынан айырмауды өтініп, мемлекетке пайда әкелгісі келетінін жеткізді.
«Мен мемлекетке масыл болғым келмейді. Керісінше, өз үлесімді қосқым келеді. Қарызға батсам да, айыппұлды төлеуге дайынмын», – деді айыпталушы.
Алайда сот бұл уәждерді ескермей, оны 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Бұдан бөлек, оған тиесілі Toyota Camry 75 маркалы автокөлік тәркіленіп, мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу құқығынан айырылды.
