aspan

ИРАННЫҢ ЗЫМЫРАНЫ ТҮСКЕН ДУБАЙДАҒЫ ҒИМАРАТТА ҚАЗАҚТАРДЫҢ 97 ПӘТЕРІ БАР

Әлеуметтік желіде журналист Манас Қайыртай Дубайдағы Fairmont The Palm резиденциясына зымыран түскені туралы жазба жариялады. Оның мәліметінше, аталған тұрғын үй кешенінен қазақстандықтар 97 пәтер сатып алған.

Жазба авторы Иран АҚШ пен Израильдің шабуылына қарымта соққы жасау мақсатында Парсы шығанағындағы америкалық әскери базаларға зымырандар мен дрондар ұшырғанын айтады.

«Дубайдан үй алғандар әжептәуір алаңдап қалған шығар. Ал мына кісілер ондай көңіл-күйді бастан кешірді ме, сол жақта тұрып жатты ма, оны білмедім.  Аты бірден көзге түскен ғимараттағы қазақтарды C4ADS базасынан бір түгендеп қойдым», – деп жазды Манас Қайыртай.

Сол соққылардың бірі Дубай аумағындағы Fairmont The Palm резиденциясына тиген. Бір бөлігі қонақ үй, тағы екі ғимараты тұрғын үй. C4ADS ұйымының 2022 жылғы дерегі бойынша бұл резиденциядан қазақстандықтар 97 пәтер алған. Олардың кейбірі бұрын билікте лауазымды қызмет атқарғандардың туыстары екен.

Дубайдағы Fairmont The Palm резиденциясынан үй алған қазақтардың бір бөлігі:

  • Бағда Баталова (экс-әкім Амандық Баталовтың әйелі)
  • Мирас Мами (Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Қайрат Мәмидің ұлы)
  • Лейла Адайбекова (Берік Имашевтің әйелі)
  • Әлжан Имашев (Берік Имашевтің ұлы)
  • Жанар Сейдвалиева (Қайрат Шәріпбаевтың бұрынғы әйелі)
  • Қорлан Шәріпбаева (Қайрат Шәріпбаевтың қызы)
  • Өркен Есей (Ахметжан Есімовтың күйеу баласы)
  • Алена Шенесары (Гүлжан Қарағұсованың келіні)
  • Қайсын Жұмағалиева (Асқар Жұмағалиевтің анасы)
  • Сержан Дүйсебаев (Қазақстанның ЕЭО-дағы өкілі)
  • Руслан Ақбердиев (Президенттің күзет қызметінің бұрынғы қызметкері)
  • Ғабдулхәкім Жашыбеков (Президент әкімшілігінде істеген генерал)
  • Николай Родостовец (Экс-министр)
  • Ардақ Зиябек (Экс-вице-министр Берік Толымбаевтың ұлы)


Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев «аталған тұрғын үй кешенінде қазақстандықтарға тиесілі пәтерлер зардап шекті ме?» деген сауалға жауап берді.

Бақаев министрлікте пәтер иелері туралы нақты ақпарат жоқ екенін айтты.

“Бұл пәтерлердің кімге тиесілі екені жөнінде бізде дерек жоқ. Дубайда және Таяу Шығыстың басқа елдерінде Қазақстан азаматтары тұрады. Алайда кімнің қай жерде тұратыны және қандай жылжымайтын мүлікке иелік ететіні туралы мәлімет бізде жоқ”, – деді ол.

Оның сөзінше, зымыран соққысынан кейін Қазақстан азаматтарынан ресми өтініштер түспеген.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

MEМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІДЕН 10 МЛН ТЕҢГЕ БОПСАЛАДЫ ДЕГЕН КҮДІКПЕН БЛОГЕР ҰСТАЛДЫ

ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛЕРГЕ 5 МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІНГІ МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТТАР ҰСЫНЫЛАДЫ

145 ҰЛАН ОТАН АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫН АДАЛ АТҚАРУҒА СЕРТ БЕРДІ  

Пікір қалдырыңыз