aspan

АРЫҚ БІТЕЛДІ, АУЛА СУҒА ТОЛДЫ: САМАЛ-3 ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

Шымкент қаласының Абай ауданына қарасты Самал-3 шағын ауданында қарапайым бір арық мәселесі бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Бесқарағай мен Алтындала көшелерінің қиылысында орналасқан арықтың қазіргі жағдайы жергілікті тұрғындарды әбден әбігерге салған.


Тұрғындардың айтуынша, жаңбыр жауып немесе қар еріген сайын арыққа жоғары жақтан ағып келетін қоқыс құбырды бітеп тастайды. Соның салдарынан су өз арнасымен кетпей, керісінше тасып, жақын маңдағы жер үйлердің іргесіне дейін жетеді.

Кей жағдайда су аулаларға кіріп, тұрғындардың үйіне кіріп-шығуы қиындаған. Аулаға жиналған су тек тұрмысқа қолайсыздық туғызумен шектелмей, кейбір үйлердің қоршауларына да әсер ете бастаған. Тұрғындардың сөзінше, бірнеше үйдің қоршау қабырғалары шөгіп, жарыла бастаған.

Самал-3 тұрғындарының айтуынша, бұл мәселе бір күнде пайда болған жоқ. Олар соңғы бір-екі жыл бойы түрлі жауапты мекемелерге бірнеше рет шағымданғандарын айтады. Айтуларынша, мәселе бойынша келіп көргендер де болған, белгілі бір уәделер де айтылған. Алайда тұрғындардың сөзінше, жағдай сол күйінде қалып отыр.

Тұрғындардың мәліметінше, соңғы уақытта бес-алты үйдің ауласына дейін су кірген жағдайлар тіркелген. Әр жолы су арнасынан асқан кезде тұрғындар арнайы су сорғыш шақырып, жиналған суды сыртқа шығаруға мәжбүр болады. Бірақ бұл уақытша ғана шешім екенін айтады.

Тағы бір мәселе – арықтағы қоқыс. Тұрғындардың сөзінше, қалдықтардың басым бөлігі осы маңнан емес, жоғары жақтан ағып келеді. Нәтижесінде тар құбыр тез бітеліп, су қысымы күшейіп кетеді.

Судың қысымы артқан сайын арықтың жан-жағы шайылып, каналдың қабырғалары біртіндеп құлап жатқан көрінеді. Соның салдарынан арықтың арнасы да кеңейіп барады.

Қазір тұрғындар қолдан келгенше арықты өздері тазалап жүргендерін айтады. Дегенмен олардың пікірінше, мұндай мәселені тұрғындардың күшімен ғана шешу мүмкін емес.

Самал-3 тұрғындары мәселенің нақты шешімі ретінде канал құбырының көлемін үлкейтіп, арықтың жан-жағын бетондап бекіту қажет деп санайды. Олардың айтуынша, сонда ғана су еркін ағып, мұндай жағдай қайталанбас еді.

Ал әзірге жаңбыр жауған сайын тұрғындар тағы да су тасымай ма деп алаңдайды. Өйткені қарапайым арық мәселесі уақытында шешілмесе, ертең оның салдары одан да күрделі болуы мүмкін.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ҚОЛЫНА АРА ҰСТАП ЖҮРГЕН: АТЫРАУДА ЕР АДАМ КӨПҚАБАТТЫ ҮЙ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ЗӘРЕ-ҚҰТЫН ҚАШЫРДЫ

Aspan info

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫ КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ЖАҢА ЖОБАСЫНА ТОЛЫҚ ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ

Aspan info

ШЫМКЕНТТЕ 8 НАУРЫЗҒА АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ

Aspan info

Пікір қалдырыңыз