aspan

АБАЙ ОБЛЫСЫНДА КӨКТЕМГІ СУ ТАСҚЫНЫНА ДАЙЫНДЫҚ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен көктемгі су тасқынына дайындық шаралары бойынша арнайы жиын өтті. Жиынға тиісті басқарма басшылары мен департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша «Қазгидромет» РМК Абай облысы бойынша филиалының директоры Ляззат Болатқан, жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ақылжан Ақылбеков, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан және ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Мирас Тоқтарханов баяндады. Аудан әкімдері су тасқынының алдын алу бағытында атқарылып жатқан дайындық шаралары туралы ақпарат берді.

«Қазгидромет» РМК өкілінің мәліметінше, облыстың Ақсуат, Аягөз, Абай, Жарма, Бородулиха, Бесқарағай, Көкпекті аудандары мен Семей қаласында қар қоры мол жиналған. Жазық жерлерде қардың қалыңдығы 2–55 см аралығында. Бірқатар аудандарда топырақтың тоңдануы 105–136 сантиметрге жеткен. Мамандар Ақсуат, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма және Көкпекті аудандарын су басу қаупі жоғары аумақтарға жатқызып отыр. Күннің күрт жылынуы, жаңбыр немесе қардың жаууы өзендерде мұз кептелісін туындатып, шағын өзендер мен уақытша су арналары арқылы су тасқыны қаупін арттыруы ықтимал.

Абай облысы аумағындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 4 462 шақырымды құрайды. Жол бойында 162 көпір және 1 745 су өткізу құбыры орналасқан. Сондай-ақ, өңірдегі жалпы ұзындығы 733 шақырым теміржол желісінің бойында 265 көпір және 330 су өткізу құбыры бар. Қазіргі уақытта жергілікті маңызы бар автомобиль және теміржолдардағы су өткізу құбырлары тазартылып жатыр. Облыс аумағындағы елді мекендерден 300 401 текше метр қар шығарылған.

Өткен жылдардағы су тасқыны кезеңдерінің қорытындысы негізінде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында 9 учаске және аудандық маңызы бар жолдарда 10 учаске су өту қаупі жоғары аймақ ретінде анықталды. Аталған аумақтар ерекше бақылауға алынды.

Жоспарға сәйкес Ертіс өзенінде мұзды қопсыту, ұсақтау және мұз кептелістерін жою мақсатында профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізіледі. Ертіс өзенінде гидробекеттер ұйымдастырылып, су деңгейіне тұрақты мониторинг жасалады.

Абай облысы бойынша әртүрлі меншік нысандарындағы 116 гидротехникалық құрылыс бар. «Қазсушар» РМК-ның «Абай» филиалының мәліметінше, 2026 жылғы су тасқынына дайындық аясында былтыр 2,8 тонна жанар-жағармай сатып алынған. Сонымен қатар гидротехникалық нысандарға қосымша құм, қиыршық тас және инертті материал салынған 2060 қап жеткізілді.

Аймақ басшысы жиында қала-аудан әкімдеріне су тасқынының алдын алу үшін қарды уақтылы шығарып, барлық су арналарын тазартуды, еріген қар суының кедергісіз ағуын қамтамасыз етуді, қорғаныс бөгеттерін тексеріп, нығайтуды, қауіпті учаскелерде күштер мен құралдарды жоғары дайындыққа келтіруді тапсырды.

«Күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер өңірдегі су тасқыны қаупінің алдын алуға, төтенше жағдайлардың туындауына жол бермеуге, сондай-ақ, көктемгі кезеңде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Су қоймаларындағы, өзендердегі су деңгейі тұрақты бақылауда болуы керек. Тасқын қаупі бар учаскелерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды тапсырамын», – деді Берік Уәли.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ЖАҢА ӨМІРДІҢ ЖАРҚЫН БАСТАМАСЫ

SHYMKENT IT HUB – ИННОВАЦИЯЛАРҒА ЖОЛ АШАТЫН ОРТАЛЫҚ

НАУРЫЗ, НАУРЫЗ АЛТЫ АЛАШҚА ҚОШ КЕЛДІҢ!

Пікір қалдырыңыз