«Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында Түркістан облысының су тасқыны жағдайы күрделенуі мүмкін аумақтарына көмек көрсету үшін 1-эшелон толық әзірлікке келтірілді. Бұл шара Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі бастамасымен ұйымдастырылып отыр.
Құрамында 32 жеке құрам, 6 бірлік техника, 9 мотопомпа, 1 жүзу құралы және 1 ұшқышсыз ұшу аппараты бар жасақ кез келген уақытта аттануға дайын. Сонымен қатар, сыйымдылығы 20 адамдық 2 шатыр қарастырылған. Бұл күштер ықтимал су тасқыны салдарын жою, халықты қорғау және жедел әрекет ету жұмыстарын жүргізуге бағытталады.
Азаматтық қорғау қызметтері, әскери бөлімдер мен тиісті мекемелер басшыларына ұйымдастырушылық нұсқаулықта көрсетілген барлық іс-шаралардың орындалуын қатаң бақылауға алу тапсырылды. Сондай-ақ оқу-жаттығуға шешім қабылдау құқығы бар, басқарма басшысының орынбасары лауазымынан төмен емес жауапты қызметкерлердің қатысуы міндеттелді.
Оқу-жаттығу барысын нақты үйлестіру мақсатында 20 ақпанда департамент базасында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық деңгейі жан-жақты талқыланып, басқару органдары мен күш-құралдардың әзірлігі нақтыланды.
Күн тәртібінде «Көктем-2026» оқу-жаттығуын ұйымдастыру тәртібі, ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары, күштер мен құралдардың есебі, авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу алгоритмдері қаралды. Сонымен қатар мүдделі мемлекеттік органдар мен қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібі бекітілді.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша жауапты құрылымдық бөлімшелерге нақты тапсырмалар жүктеліп, оқу-жаттығуды белгіленген мерзімде жоғары деңгейде өткізу міндеті қойылды.
Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін оның қорытындысы туралы толық ақпарат Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі мен Шымкент қаласының әкімдігіне ұсынылатын болады.
Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері азаматтық қорғау капитаны – Шәріп Асқар Рысбекұлы мәлімдеді.
