aspan

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ҚАЛЫПТАСТЫРУ КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ТҮБЕГЕЙЛІ ПРИНЦИПТЕРІ ҚАТАРЫНДА: ҮКІМЕТТЕ ПРЕЗИДЕНТТІҢ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАСТАМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БАРЫСЫ ҚАРАЛДЫ

Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру барысына мониторинг жүргізу орталығының отырысын өткізді. Онда қоршаған ортаны қорғау және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруда цифрлық технологиялар қолдану мәселелері қаралды. Премьер-министр жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру мен табиғатқа жанашырлықпен қарау жаңа Конституция жобасының түбегейлі принциптері қатарына енгізілуінің маңыздылығын атап өтті.
«Отаншылдықты жасампаз іспен көрсету, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру жаңа Конституция жобасының түбегейлі принциптері қатарына енгізілгенін ерекше атап өткім келеді. Бұл табиғатқа, туған елге деген жанашырлықты күшейтуге, әрбір азаматтың бойында тазалық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректеріне сәйкес, Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы аясында барлық кезеңде 1 294 іс-шара өткізіліп, 844 мың тонна қалдық жиналған, 1 млн гектар жер тазартылып, 2,9 млн ағаш отырғызылған. Аталған іс-шараларға 6,9 млн адам қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында қоршаған ортаны қорғауда цифрлық технологияларды қолдануға ерекше назар аударылды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Қоршаған орта және табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкі» жобасы жүзеге асырылғанын баяндады. Онлайн-платформа эмиссияларға мониторинг жүргізу, өндірістік экологиялық бақылау, ластаушы заттардың шығарындылары мен тасымалдары тіркелімі, қалдықтардың мемлекеттік кадастры, көміртегі кадастры т.б. сияқты бірқатар басқа жүйелер көрсеткішін жинақтайды.
Қалдықтарды басқару саласында EcoQolday цифрлық платформасы жұмыс істейді. Сондай-ақ бүгінде орман өртін ерте анықтау жүйесі енгізілуде, су тасқыны жағдайын болжау үшін «Қазгидромет» деректерімен интеграцияланған Tasqyn жүйесі қолданылуда.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ДӘМХАНАДА ГАЗ ЖАРЫЛЫП, 5 АДАМ ЗАРДАП ШЕКТІ

Aspan info

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ- ЖАСЫЛ БОЛАШАҚҚА БАҒЫТТАЛҒАН ҚАДАМ

Кәсіпкерлер палатасында қосымша құн салығын қайтару туралы талқыланды

Пікір қалдырыңыз