aspan

ЭКС ПОЛИЦИЯ БАСТЫҒЫНА СОТ ҮКІМІ ШЫҚТЫ

Шымкент қаласы Тұран ауданынының полиция басқармасының экс бастығы Нұржан Тілеуовке қатысты сот үкімі шықты. ҚР қылмыстық кодексінің 366 бабының 2 бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 6 жыл мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол өткен жылдың тамыз айында пара алғаны үшін күдікке ілініп, қамауға алынған болатын. Айыпталушы Нұржан Тілеуов пен оның заңгерлері сот үкімімен келіспейтінін жеткізді.
Экс полиция полковнигі Нұржан Тілеуовке қатысты қылмыстық іс 6 айға жуық қаралды. Бұған дейінгі сот процесінде барлық айғақтар мен дәлелдемелер қаралып, сот үкім шығарды. Айыпталушы Нұржан Тілеуовке ҚР Қылмыстық кодексінің 366 бабының 2 бөлігі, яғни лауазымдық шеніне байланысты пара беруші өкілдің пайдасына ықпал ету әрекеті бойынша айтарлықтай мөлшерде пара алған деген бабы бойынша айыпталды. Осы бап бойынша сот оны толықтай кінәлі деп таныды.м
Сотталушы Нұржан Тілеуовтің заңсыз әрекеттері жөнінде куәгер А.Узбекова Шымкент қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне арыз түсірген. Куәгер бұған дейін өзінің мәселелері бойынша Нұржан Тілеуовтен көмек сүрап, оның жұмыс орнына барып бірнеше рет пара ұсынған. Алайда айыпты деп танылған Нұржан Тілеуов оның ұсынысын қабылдамай, кері қайтарған. Қылмыстық істің жедел тергеп-тексеру барысында куәгер А.Узбекова айтқан бүкіл жауабын, сотта жоққа шығарды. Куәгер сотта екі түрлі жауап беріп, сот оның жауабын негізсіз деп таныды. Алайда куәгер арнамызға өзі тікелей жауап беріп, бар шындығын ақтарды. Оның айтуынша сотталған күйеуінің ісі бойынша ол ҰКҚ жұмыс жасайтын туыс інісінен көмек сұраған. Куәгер Нұржан Тілеуовке қатысты іске інісінің мәжбүрлі түрде итермелегенін айтты.
Куәгер сот барысында өз сөзінде бұл іске інісіне сеніп қатысқанын айтты. Узбекова заң талаптарын толық білмегенін және інісінің айтқандарын мәжбүрлі түрде орындағанын жеткізіп, соттан әділ шешім шығаруды сұрады. Ол қолында бар барлық дәлелдерді сотқа ұсынғанын мәлімдеді. Алайда тараптардың айтуынша, сот процесі істі толық зерделемей, ашылмаған күйінде қалған. Сотталушы Нұржан Тілеуовтің жұбайы мен қорғаушылары сот үкімімен келіспейтіндерін білдіріп, апелляциялық шағым түсіретіндерін хабарлады.
30 жылдан астам уақыт бойы антына берік болып, Отанына және халқына адал қызмет еткен тәжірибелі қызметкер ешқандай нақты айғақсыз, қасақана қолдан құрастырылған айыптаудың нысанына айналды деп ашынды оның жақындары. Олар сот істі толық әрі жан-жақты зерттеп, әділ шешім шығарады деген үміттерін әлі де үзген жоқ.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ШЫМКЕНТТЕ Д.ҚОНАЕВ ДАҢҒЫЛЫНЫҢ ЖАЛҒАСЫН САЛУ ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖАРЛЫҒЫМЕН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ІШКІ САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАРЫ, ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ МЕН БАҒЫТТАРЫ БЕКІТІЛДІ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЕГЕМЕНДІГІНЕ – 35 ЖЫЛ

Пікір қалдырыңыз