Қазақстанда жекеменшік мектептердің жұмысына қойылатын талаптар кезең-кезеңімен күшейтіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова пилоттық лицензиялау тетігінің қорытындысын таныстыру барысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, пилоттық жоба ағымдағы оқу жылының соңына дейін жалғасады. Қазіргі таңда елде 880 жекеменшік мектеп жұмыс істеп тұр, олардың басым бөлігі цифрлық тексеруден өткен.
«Бүгінгі таңда 880 жекеменшік мектеп бар. Соның 785-і мемлекеттік тапсырыс алып, толық цифрландырудан өтті. Бұл мектептердің барлық құрылтай құжаттары талапқа сай екені расталды, олар өз жұмысын жалғастыра береді», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Сонымен қатар биыл наурыз айынан бастап жекеменшік мектептерге қатысты лицензиядан кейінгі бақылау енгізіледі. Тексеру жұмыстарын Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізеді. Бақылау барысында балалардың қауіпсіздігіне, білім беру қызметінің сапасына және педагогтердің біліктілік талаптарына сәйкестігіне баса назар аударылады.
Министрдің айтуынша, талаптарға сай келетін мектептер өз қызметін шектеусіз жалғастырады, ал заңбұзушылық анықталған жағдайда қолданыстағы заңнама аясында шаралар қабылданады.
Өзгерістер мемлекеттік тапсырысты бөлу тәртібіне де қатысты болмақ. Келесі оқу жылынан бастап мемлекеттік тапсырыстың көлемін анықтау құқығы жергілікті атқарушы органдарға беріледі.
«Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік саясатты қалыптастырады және талаптарды үш негізгі бағыт бойынша күшейтеді: балалардың қауіпсіздігі, білім беру сапасы және мұғалімдердің біліктілік деңгейі. Ал мемлекеттік тапсырысқа қатысты шешімді әкімдіктер қабылдайды», – деп түсіндірді министр.
Сондай-ақ ол бірқатар өңірде оқушы орындарының артықтығы байқалатынын атап өтті. Кей жағдайларда жаңа мемлекеттік мектептердің жанында жекеменшік мектептер жұмысын жалғастырып келеді.
«Әкімдіктер оқушы орындарының тапшылығы мен артықтығын ескере отырып шешім қабылдайды. Бұл ретте ең алдымен балалардың мүддесі назарға алынады», – деді ведомство басшысы.
Тағы бір міндетті талап – мемлекеттік білім беру стандарттарын қатаң сақтау және оқыту сапасы, соның ішінде түлектердің оқу нәтижелері. Министрдің сөзінше, ғимараты мақсатқа сай, құжаттары дұрыс әрі оқу процесі заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылған жекеменшік мектептер жұмысын жалғастыра алады.
Алайда бұған дейін анықталған қаржылық заңбұзушылықтарға байланысты талаптар күшейтіледі.
«Қаржы министрлігінің есептерінде қаржылық бұзушылықтар, ЛМС жүйесі арқылы анықталған “өлі жандар” фактілері болды. Мұндай жағдайлар енді қайталанбауы тиіс. Білім беру процесі заңға сай әрі сапалы ұйымдастырылуы қажет», – деп түйіндеді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрлік жекеменшік білім беру секторына бақылау жүйелі түрде жүргізілетінін және оның басты мақсаты балалардың қауіпсіздігі мен сапалы білім беру екенін атап өтті.
